Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамЭнергетический ауылдық округі

АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫҢА АДАЛ БОЛ

Іле ауданы бойынша,  күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Отан қорғауға аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулықтарының жарамдылығы туралы сыннан өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі.

Алғашқы әскерге шақырылғандар легін салтанатты түрде әскерге шығарып салуға арналған салтанатты шараны Өтеген батыр ауылындағы Іле ауданы Қорғаныс бөлімі ұйымдастырды. Іс-шараға ҚР. Қарулы күштер ардагері Б. Дүтбаев, Іле ауданының Ауған соғысы ардагері К. Әбдімолдаев, әскер қатарына шақырылған жас ұландардың ата-аналары мен жақын туыстары қатысты.

Салтанатты шараны ҚР. Қарулы күштер ардагері Б. Дүтбаев ашып, әскерге шақырылған жалынды жас жігіттерге Отан қорғау жолында сәттілік тілеп, ел алдындағы борышын абыроймен өтеуге, аман-есен елге оралуларына тілектестік білдірді. Одан кейін сөз алған соғысы ардагері К. Әбдімолдаев «Батыр туса, ел ырысы, жаңбыр жауса, жер ырысы» дегендей, ел үшін туған ұлан болып, Отанға қалтқысыз қызмет етіп, Тәуелсіз еліміздің тұғырлы туын құлатпай, ел іргесін сыртқы жаудан қорғау жолында аянбай, атаның ғана емес, адамның ұлдары болыңдар» — дей келе, осындай жалынды да жігерлі ұлдары бар елдің болашағы жарқын, ертеңі кемел болатынына сенім білдірді.

Шара барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, №7 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Б.Д. Нурребаева әуелетіп ән салса, №7 және №13 орта мектептердің биші қыздарынан құралған «Асыл кейтс» бишілер тобы мың бұрала би билеп, қатысушылардың көңілін бір серпілтіп тастады.

Кезекті әскерге шақыру жұмыстары Іле ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бойынша әскер жасындағы жастарға хабарлау және шақыру қағазын тарату жұмыстары басталып кетті. Белгіленген Заңнамаға сәйкес, ауылдық округ әкімдері келісілген кесте бойынша әскерге шақырушыларды уақытылы жеткізуге міндетті.

Егер де азаматтар Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартқан не болмаса медициналық комиссияға нақты себепсіз келмеген жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 387-бабы бойынша айыппұл салынады немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ал егер әскери есепке алу жөніндегі міндеттерді орындамай, медициналық тексерілуден немесе жиындардан жалтарып, әскери есепке алу құжаттарын қасақана бүлдіріп немесе жоғалтса, жауапқа тартылады. Сол үшін ауданымыздың жастарына бүгінгі әскерге аттанған жігіттерден үлгі алып, Отан алдындағы борышын адал атқарып, тәуелсіз елдің байрағын желбіретіп, айбарын асқақтату жолында қызмет ете беріңдер деген игі тілегімізді айтқымыз келеді.

Б. ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button