Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚаратал хабарыҚоғам

ЕКІ АУЫЛҒА ГАЗ ТАРТЫЛДЫ

Қаратал ауданына қарасты Кәлпе және Оян ауылының тұрғындары табиғи газға қосылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары  Әсет Қанағатов қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.

Аймақ басшысының орынбасары алдымен ат басын Кәлпе ауылына бұрып, аудан бойынша алғаш газға қосылған ауыл тұрғындарына жылы лебізін білдірді.

– Қаратал ауданында 35 елді мекеннің 19-ы газдандыруға жатады. Бүгін, міне, екі ауылға көгілдір отын берілді. Жылдың аяғына дейін 10, келесі жылы 2 елді мекен газға қосылады. 2026 жылға дейін аудан тұрғындары толықтай көгілдір отынды пайдаланады, – деп газ тарту бойынша облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, салтанатты шараға жиналған көпшілікке ақжарма ниетін білдірді.

Шара барысында ақжаулықты әжелер ауылға келген газды жағып, шашу шашса, ақсақалдар батасын беріп, жылы тілегін ақтарды. Газды үйіне алғашқылардың бірі болып Қайрат Асенбаев қосты. Әулеттің келіні, көпбалалы ана Қарлығаш Асенбаева: «Осы жылға дейін біз көмір жағып, ағаш кесетінбіз. Жылына 5-6 тонна көмір жағамыз. Бұл қарапайым отбасы үшін айтарлықтай шығын. Одан бөлек қақаған аязда пештің күлін тасып, төгу де оңай шаруа емес, – деп көмек қолын созып, көгілдір отынды үйіне кіргізіп берген облыс, аудан басшылығына алғысын жаудырды. Ауыл тұрғындары да тарихи сәттің куәсі болғанына қуанып, пікірін білдірді.

– Кәлпе ауылында тұрғанымызға 40 жылға жуық уақыт болды. Осы күнге дейін көмір жақтық. Оны ауданнан тасып әкелу оңай емес. Бір қыста 7 тоннаға дейін көмір жағамыз.  Ал қатты отынның бағасы жылда қымбаттайды. Бұл да қалтаға салмақ салады. Ауылға газ келіп, қуанып жатырмыз, – дейді ауыл тұрғыны Рая Төлеубаева.

Айта кетейік, Кәлпе ауылында 27,1 шақырым болатын газ құбыры тартылды. Бүгінде бұл аймақта 530 үй, 1 800-ге жуық тұрғын бар. Құрылыс жұмыстарын 2021 жылдан бастап «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізді. Газбен жабдықтау жұмыстарына 500,2 млн.теңге қаржы жұмсалды.

Оян ауылындағы Зәкірбаевтар әулеті де  алғашқылардың бірі болып көгілдір газға қосылды. Әулеттің келіні Шынар Ғайырбекова:

– Ауылға газ келгелі екі апта ғана болды. Көгілдір отынға ең бірінші болып біз қосылдық. Қыстың көзі қырауда отын тасып, пеш жағу қиын. Үйде ата-әжеміз бар. Сондықтан, халық игілігі үшін газ қосқан жандарға ризашылығымызды білдіреміз, – деді.

Оян  ауылында 7,3 шақырым болатын газ құбыры тартылған. Бүгінде бұл аймақта 184 үй, 500-ден астам тұрғын бар. Ауылдағы газбен жабдықтау жұмыстарына 86,9 млн. теңге қаржы  жұмсалыпты.

Осыдан кейін Үштөбе қаласында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Жетісугазсервис» орталығының филиалы ашылды.

М. МАКСЫМ

Басқа жаңалықтар

Back to top button