Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамЭнергетический ауылдық округі

АМАНАТТЫҚТАР АУЫЛІШІЛІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Байсерке ауылындағы №28 мектеп-гимназиясының мәжіліс залында «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жұмыс жоспарына сәйкес мобильді қоғамдық қабылдауын жүргізді.

Онда «AMANAT» партиясы Іле аудандық  филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты А. Сатибаев модератор қызметін атқарып, жиылған жұрттың өтінішін қабылдады. Жиынға «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қ.С. Байғоджаев,  облыстық мәслихат депутаттары Г.Ерубаева мен М. Увалиев,  Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары А. Қажиев,  Іле аудандық «ТҮКШ ЖК және АЖ, ТҮИ» бөлімінің басшысы Ә. Майшыбаев, Іле аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Қ. Сарсенбаева қатысып, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, ауылішілік мәселелерді қарастырды.

Жиында әр түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, ауыл тұрғындары, ақсақалдар кеңесінің мүшелері өздерінің күнделікті жұмыс барысында кездесетін ауылдағы мәселелерді ортаға салды.

Қабылдауда алдымен «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Сұлтанұлы партияның сайлауалды бағдарламасының 2023 жылға орындауға арналған «Жол картасының» орындалуы бойынша қысқаша ақпарат берді. Одан кейін жарыссөз кезегі басталды. Байсерке ауылы, С.Мұқанов көшесінің тұрғыны Абейбеков Курмангали ауылдағы №12 орта мектепте  оқытудың үш ауысымы бойынша өзекті мәселені шешуін сұрады. Партия жетекшілері сұрақты назардан тыс қалдырмайтынын айттып, жыл аяғына дейін нақты жауап берілетін болды.

Айта кетейік, ауданда 3 ауысымды 19 мектеп бар. Жыл басында 3 ауысымды 21 мектеп болды. 2023-2024 оқу жылында 4500 орынды 3 мектеп пайдалануға берілді және қазір жыл соңына дейін Жаңаталап ауылында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. 2 жекеменшік мектеп салынып жатыр. Үш ауысымды оқудың алдын алу үшін біршама жұмыстар жүргізілуде. Жайлы мектеп жобасы аясында Байсеркеге жақын орналасқан Көктерек ауылында 2024  жылы  1500 орындық мектеп құрылысы жүргізілмек. Сонымен қатар, №12 орта мектеп бойынша, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, оқушылар сабақтан кеш шығып, қараңғыға қалмауы үшін сабақ уақыты 45 минуттан 40 минутқа қысқарды. Балаларды тасымалдауға 2020 жылы 11 автобус берілсе, биыл 13 автобус берілді, аудан бойынша 25 тасымалдау көлігі бар. Десек те, біздің аудан үшін бұл өте аз, сондықтан қосымша  56 автобуска өтінім берілгенін және бүгінгі таңда аудан бойынша 9 мың 570 бала саяжайлардан тасымалдайтынын айтып өтті.

Байсерке ауылдық жергілікті қауымдастық мүшесі Г. Белькова  «Іле ауданы аумағында Алатау қаласы салынады деген мәселе көтерілді. Кезінде Байсерке, Жетіген ауылдарында елдің басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысып, еңбекке баулушы еді. Ауыл шаруашылығы жерлерін не істейді, халық ол жерлерін пайдаланала ма?» дей келе, «Үйге орнатылған газ есептегіш құралдарын тексерту керек дейді. Оның не қажеті бар?» — деп сұрады. Жауапты мамандар Г. Белькованың  бірінші сұрағына «Алатау қаласының ұзақ мерзімді даму жоспары жасалды. Қаланың аумағына кіретін ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тәртібі бойынша облыстық сәулет басқармасының қызметкерлері белгіленген заңнамаға сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады», — десе, екінші сұрағына «Әр 5 жылдан соң, газ есептегіш құралдарын стандартизациялау орталығына апарып тексеру керек, орнына қауіпсіздік мақсатында жаңа есептегіш құрал беріледі» — деген тұшымды жауап берді.

Байсерке ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абдин Хамиттің «Байсерке ауылы, Қонаев көшесінде 8 көпқабатты үй бар. Әлі күнге орталықтанған кәріз желісі қосылмады. Сонымен қатар, модульді жылыту қазандығын орнату қажет» деген сауалына «Байсерке ауылы, Қонаев көшесінде 8 көпқабатты үйлерге кәріз желісін тарту бойынша сметалық-жобалау жұмыстары жасалды. Құжаттары сараптамадан өтті. Енді мәслихат сессиясында қаралып, қаражат бөлінсе, 2024 жылдың сәуір айынан бастап жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Байсерке ауылы, Қонаев көшесінде 8 көпқабатты үйлер мен Жетіген ауылындағы көпқабатты 6 үйге модульді жылыту қазандығын орнату жұмыстарына жобалау жұмыстарына 8 млн. қаражат бөлінді. Қаражат мәселесі шешілсе, 2025 жылға қарай құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады» – деп жауап берді жергілікті әкімшілік мамандары.

Көптеген тұрғындар ауылдағы электр желілеріндегі трансформатор жанындағы кедергі келтіретін ағаштарды кесу,  Алматы каналының суын пайдалану, сондай-ақ дін мен дәстүрді шатастырмай жастарға терең білім беру туралы да мәселелерді көтерді. Барлық сұрақтар мен өтініштерге  қанағаттанарлық жауаптар алынды.

Алдағы уақытта «AMANAT» партиясы қызметкерлері, партия атынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары көптеген жұмыстарды бірлесе атқара отырып, әрдайым халықпен кездесулерді ұйымдастырып, өзекті мәселелерді бірге талқылап, шешуге ықпал ететін болды.

 

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button