Менің бүгінгі таңға дейінгі жүріп өткен жолымдағы тәжірибемде байқаған бір дүнием, бізде сынақты Алланың жазасы немесе азабы ретінде түсініп, жамандық ретінде көреді екен. Ендеше, сынақ деген не және оны кім қалай түсініп жүр, осыған келейік.
Сынақ – бір сөзбен айтқанда, ол адамзатқа Алла Тағала тарапынан бекітілген бір өлшем яғни қазіргі тілмен айтар болсақ, сынақ – Алла Тағаланың пендесіне беретін ең мықты техникасы. Түсіндіре кетейін, мәселен, адам мен адам арасында жүретін кез келген жамандық, бұл сынақ емес. Бұл олардың адамзат деген ұлы аттарына келетін үлкен-кішілі сын, қай-қайсысына болмасын. Егер ар-ұяттары жоғары болса, бірін-бірі кешіреді, төмен болса, бір-бірінен үзіледі. Ал, адам мен Алланың арасында жамандық жүреді ме, қалай ойлайсыздар, ол сын ба әлде сынақ па?
Құран Кәрімнің «Әнкабут» сүресінде: «Адамдар, сірә, «Иман айттық» (болды), енді ешқандай сыналмай, жайымызша жүре береміз деп ойлай ма екен?» дейді. Яғни, Алла бар, мойындаймын, Оған сенемін, Ол жүрегімде деп құр тілмен иман келтіріп, бірақ Алланың емес, өз білгенімен өмір сүремін десе, қатты қателеседі. Ниет дұрыс, бірақ сол ниетке амалы сай болмаса, бұл сынақтың алғашқы баспалдағы дей берсін. Осы жерде мынаны ескеру керек, басқа түскен немесе өзі тілеп алған сынаққа сынбаймын десе де, тіпті сүрінбей өтсе де, Алла Тағала Өзінің Ұлылығын бәрібір дәлелдейді. Оған еш күмән болмасын. Ал, сынақта сынып кетсе, онда Аллаға өзінің кім екенін дәлелдегені. Ешбір адам бұл өмірден сынақсыз өтпейді. Кез келген адамның сын сағаты тағдырына жазылады әрі одан ерте ме, кеш пе өтеді. Тек, сынақтың үлкені немесе кішісі адамның мақсатына қарай, ұзақтығы немесе қысқалығы жауапкершілігіне қарай яғни пейілге қарай болады. Аталарымыздың «Ә Құдай, байлығымды алсаң да, пейілімді алма» деген ұлағаты осыдан келіп шығады.
Дегенмен, сынаққа апаратын қысқаша үш жағдайға тоқталып өтейін.
Біріншіден, Алла мен адам арасында келісім бұзылған жағдайда яғни адам өзінің пейілі, тілі және іс-әрекетімен яғни бір сөзбен айтқанда күнә жасап, сынаққа өзі барып түспесе, Алла оған бірінші болып жамандық жібермейді. Себебі, Алла – мейірімділіктің патшасы. Пендесін жақсы көреді және жақсы біледі, Оған күнәсі де белгілі, сонда да күш-қуатын кемітпестен, қайрат-жігерін алып қоймай, ойлануға, тәубеге келуіне уақыт береді. Яғни бұл өз қолыңмен істегенді өз мойныңмен көтер деген белгі.
Екіншіден, кімде-кім жүрек қалауын яғни мейлі күйеу, әйел, бала-шаға, әке-шеше, ата-ене болсын немесе бір нәрсені, мейлі білім, дүние, мал-мүлік, байлық болсын, Алла Тағаладан жоғары қойған жағдайда, тура сол қалауымен сыналады. Яғни біреуді тым қатты жақсы көру, оның жолына өле берілу немесе бір нәрсені қатты жек көру, алыстау да сынаққа апаратын жол. Маған қайырылған кісілердің ішінде есімде қалғаны, «Мен өтірікті, сатқындықты, жалған уәде беретін адамдарды иттің етінен жек көремін. Бірақ Құдайдың құдіреті, алдымнан сондай адамдар шыға береді, кезіге беремін» дейді. Сол сияқты, екінші бір адам айтады «Мешітті жанымнан бетер жақсы көрдім, әрбір бұрышын таңға дейін сағынатынмын, күн-түн демей тазалығына мұқият болдым. Алайда, жұмысымнан еріксіз кеткен кезде, мешітті Алладан бетер жақсы көріп, жоғары санағанымды түсіндім дейді. Сондықтан, мынаны ұғынайық. Алланы біз ұмытқанмен, бізді Алла еш ұмытпайды әрі Өзін ешқашан ұмыттырмайды. Мейлі күйеуді, тоқалды, дүниені, білімді қуаласын, айналып келгенде Аллаға келіп тіреледі. Себебі, «Адамнан сұрағанның көзі шығады, Алладан сұрағанның бүйірі шығады» дейтін ғасырлар бойына дәлелденген сөз бар.
Үшінші жағдайда, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың: «Алла кімге жақсылық қаласа, оны сынайды» деген хадисін алайық. Өмірде «Жан адам баласына тигізген зияным жоқ, ниетім түзу, бірақ басымнан сынақ кетпей қойды» дейтін жандарды кезіктірген шығармыз. Мен дәл сол адамнан «Пейіліңіз шынымен дұрыс па, Алланың қай парызы орындалды не болмаса қай тыйымына тоқтадыңыз» деп сұрар едім. Расымен де, жоғарыда «Әнкабут» сүресінде айтылғандай, Аллаға иман келтіргенмен, қалауына көнбесе, бұл әлсіздігіне қарамастан, Оның қалауына таласуы. Біліңіздер, асқан байқуатты, дүйім елге сыйлы, атағы жер жарған абыройлы болса да, Алладан алпауыт сынақ келсе, адам жалғыз қалады. Бәрі теріс айналады, бәрі қашады, тіпті әйелі мен баласына да жақпай қалады. Адамға жақсыдан жаманға өту өте тез, ал жаманнан жақсыға өту тез де емес, оңай да емес, әйтсе пендесін Алла сынар ма еді. Сондықтан, Алланың сынағы – адамның алар сабағы!
Сынақтан қалай өтеміз, мұндай жағдайда пенде не істеуі керек?
Біріншіден, мынаны жақсылап ұғынайық, сынақтан ешкім қашып құтылған емес, «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі». Сондықтан, адам есін жиып, келешек өмірін ойлап, саналы түрде сынаққа қорықпай қарауы керек яғни сынақты қабылдауы керек.
Екіншіден, Жаратушының барлық жаратылыстары – Оның әскерлері. Мәселен, бір күн делік немесе бірнеше күн далада жел тұрмай қалса, ауаны тымырсық басады, шөлден көзімізді аша алмай қаламыз. Немесе шөлімізді басқан, қажетімізге жараған судың өзі азайып кетсе, қуаңшылық басталады. Ал, көбейіп кетсе, апат пен өлім. Бұл жалпы адамзатқа берілетін сынақ емей не? Сол сияқты, Алла Тағаланың әскерлерінің ішіндегі ең күштілері – ол от. Ал, сол отты су өшіреді. Ол да Жаратқанның үлкен құдіретті әскері. Сол құдіретті суды бұлт көтеріп жүреді. Енді бұлтты күшті дейін десең, оны жел айдап әкетеді. Ал, желді күшті дейін десең, оны таулар тоқтатып қояды. Тауды адамның күші бұзады, реттейді, тіпті қажетіне пайдаланады. Енді адамды күшті дейін десең, оны ұйқы тоқтатады. Ал, ұйқыны не кетіреді, уайым мен қайғы. Ал, уайым мен қайғыны не кетіреді, зікір емдейді екен. Сонда, адамзаттың ең күшті құралының бірі – ол зікір, яғни Алланы ұлықтау. Ендеше, Алламен дос болып, сынағына түскіміз келмесе, түссек те, жеңіл болуын қаласақ, тіліміз зікірден құрғамасын. СубханАлла, Әлхамдүлиллә, Аллаһу Әкбар, Астағфирулла, Лә иләһә илалла деп санамай сансыз айтсақ, бұл Алланы қуантқанымыз. Ал, қалған уақытта осы сөздерді қазақ тілінде Аллаға мақтау, Алла пәк, Аллаға шүкір, Алла ұлық, Алланың қалауы, Алла кешіре гөр, Алладан басқа Тәңір жоқ, Алла қаласа, бұйыртса деп айтуымызға әбден болады.
Үшіншіден, дүние төңкеріліп кетсе де, сабыр түбі – сары алтын. Сабырлық сынақты жеңілдетеді, сауапты еселетеді яғни Алла алдындағы дәреже бір сатыға көтеріледі, егер сабыр етсе қана! Ал, уайымға беріліп немесе қайғыдан қан жұтып, байбаламға салып, құрдымға кету, биіктен секіру не болмаса өзін-өзі тастап жіберу – бұл өмірді құрту, өнбейтін іс, сынақты ауырлату, денсаулықты нашарлату. Сондықтан, қабырға қайыспас үшін, сағы сынбас үшін, сынаққа берілмес үшін, сынақты жүрекпен таразылау керек. Яғни, Алла Тағала сынақты не үшін жіберді, қай жерден қателік кетті, қандай амал-әрекеттер керек деген сияқты түйіндерді шешу үшін, салқын ой мен ақыл сабырлы шешім шығаруы тиіс.
Төртіншіден, шешімді ортаға салу. Ер адам болса қабырғасымен яғни күйеуі әйелімен немесе әйелі күйеуімен, болмаса әке-ана, бауырларымен кеңесіп, сынағын жеңілдету. Ал, үлкен қиындықтарда ағайынның басын біріктіргені тіптен жақсы. Маңайына туыс-жұрағатын, жанашыр жақын дос-жарандарын жинап, қайғысымен бөліссе, «көп түкірсе, көл болар» демекші, сынағын бірге көтерісетіндер міндетті түрде ортадан табылады, ең болмағанда уайым-қайғысы азаяды. Ер жігіттің аузында Алласы, жан-жағында ағайыны болса, ешқашан сынақта жалғыз қалмайды, осыны ескерген жөн.
Бесіншіден, еңсені қандай да бір ауыр сынақ басса да, мына әлемді билеп тұрған құдіреті күшті жалғыз Алла ғана екенін ұмытпау. Сол құдіретке жүзді бұру, қателік-күнәсі үшін кешірім сұрау, құлшылыққа келу, намазға тұру, сәждеге бару, қолды жаю, дұға-тілекпен жалбарыну, тәубеге келу, Аллаға уәде, өзіне сөз беру, болашағына үміт жалғау. Құдайсыз өмірдің нәтижесін көрді, енді Құдайы бар өмірді бастауы керек. Бұл адаммен емес, әлемдердің Раббысы болған Жаратушы Алламен байланысқа шығу. Мұндай сынақтардан небір-небір «Менмін» дегендер, атағы жер жарған патшалар, аты шулы батырлар, дәулеті тасыған байқуаттылар да өткен. Керек десеңіздер, кедей де, кепшік те, көзі көрмейтін соқыр да, тілі жоқ мылқау да өткен. Бәрінің соңғы ойы Алла, сөзі Құдай болған. Өзін-өзі іштей кеміріп жей бергеннен өмірді өзгертпейді. Қиындыққа тіке қарау – кім екенін дәлелдеу. Сондықтан, мен біз бар болғаны әлсіз пендеміз деп айтар едім. Қанша жерден мықтымыз десек те, күн ысыса, көлге жүгіреміз, күн суыса, үйге жүгіреміз. Сол көл мен үйдің арасында аракідік күнге қақталып, сынаққа қыздырынып тұрғанымыз жөн. Өйткені, рухани әлсіздігімізді, жүректегі иманымызды шыңдайтын дәл осы сынақ. Сынақ өмірімізге сабақ, рухымызға тәрбие, өзімізге пайда, жанымызға ем, жүрегімізге тәубе, бағытымызға тура жол. Егер Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан «Сынақ деген не?» деп, сұраса: «Мұсылманға не кезіксе де, мейлі ұзақ ауру, мазасыздану, қайғы, қолайсыздық, керек десеңіз тікенектің шаншығаны болсын, Алла Тағала ол үшін міндетті түрде күнәләрінің бірін кешіреді. Бұл өмір — адамдардың сабырлығы мен төзімділігін ашатын қиындықтардан тұратын сынақтан басқа ештеңе емес. Сынақтар әртүрлі болады: кедейлік, ауру, өмір сүрудің қауіпті ортасы, жақындарынан айырылу және тағы басқа – деген болар еді. Ал, кемеңгер Абай атамыз:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз – деп жауап берер еді. Ал, біз бүгінде сынақ деген жаза емес, ол – ұлы иман. Сынақ деген азап емес, ол – күш-жігер. Сынақ деген сындыру емес, ол – ес жию. Сынақ деген қинау емес, ол – сабыр ету. Сынақ деген үрей емес, ол – шығар жол, сынақ деген ғалымдарға – шамшырақ, Алла жолындағыларға – ескерту, мүміндерге – тура жол, ақыретті ұмытқандарға – өлім хабаршысы. Тағдырға қарсы шықпайық, шықсақ мықты болайық!
Нұрлан қажы Байжігітұлы,
«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, дінтанушы