Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБілім және ғылымҚоғамМерекелерЭнергетический ауылдық округі

ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК МҰҒАЛІМІ АНЫҚТАЛДЫ

Ұстаздық – киелі әpi өте қарапайым  мамандық. Жер жаһанда адамзат баласы пайда болғаннан бepi әрбір пендені ойландырып, толғандырып келе жатқан, дамыған, технократты  қоғам құрылып жатса да, қажеттігін жоймайтын бip мәселе ол – баланы өмip сүруге дайындау. Бұл – қиынның қиыны! Демек, ертеңгі мемлекеттің болмысы – бүгінгі ұстаздың тәлімінде. Әрбір үйдің еркесінің тілін тауып, оларға білім мен тәрбиені қатар беріп жүрген, топ алдына шығып өз білімін дәлелдеп, өз әдісін насихатта да ерлік. Өткен аптада №7 орта мектепте мектепішілік «Жыл мұғалімі – 2024» байқауы өтті. Мұғалімдер арасында өткен кәсіби байқаупән мұғалімдерінің пәнді оқытудағы құзыреттіліктерін қалыптастыру, шығармашылықпен жұмыс істейтін, өзіндік педагогикалық шеберлігі қалыптасқан пән мұғалімдерін анықтау және оларға қолдау көрсетуді өзіне мақсат тұтты. Байқау шарты бойынша мұғалімдердің кәсіби біліктілігі сынға түскен сайыста педагогикалық еңбек өтілі 5 (бес) жылдан жоғары ұстаздар қатысты.

Байқау барысында визит карточкасы (таныстыру),  үздік сабақ,  әдістемелік қоржын  және өз өнерін көрсету сынды төрт кезең бойынша мұғалімдердің білім-біліктілігі сыналды.Тәуелсіз Қазақстанда өркениетке апарар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Ұстаз һәм мұғалім туралы олардың алдынан өткен тұғырлы тұлғалардың түйдекті ой қалдырғандары көп. Соның ішінде шоқтығы биігі, тіл ғылымының атасы, атақты ұстаз Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген екен. Осы орайда, Байқауға қатысушылар таныстыру бөлімінде өздері туралы ақпарат берген кезде педагогикалық тәжірибенің шынайылығын, әр түрлі форматта таныстыра алатын жаңашылдығын, ісінің нәтижелігін, өзінің сөйлеу мәдениеті жоғары екенін, жұмыс моделінің креативтілігі мен қоғамға пайда беретін, құнды екендігін дәлелдей отырып, кәсіби өсу жолындағы ізденістері мен жетістіктерін жан-жақты көрсетіп, өздері Ахмет атамыз айтқандай, «Мектептің жүрегі» деген атқа лайық екендерін таныта білді.

Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Кемелұлы да өз жолдауларында ең бірінші орынға сапалы білімді қойғаны баршамызға мәлім. Ұрпақ тәрбиесі мен оларға сапалы білім беру – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, өнегелі ұстаздан білімді шәкірт шығатыны сөзсіз. Біз тек біліммен ғана алға жылжимыз. Ал сол білім нәрін беруші ол– ұстаз. Сондықтан, келесі турда мұғалімдердің арнайы сарапшылардың қатысуымен өткен ашық сабағының мақсаты оқу бағдарламаларына сәйкес болуы, дидактикалық қағидаларды іске асыруы, оқушылардың сөйлеу, тыңдау, жазу, оқу дағдыларының сабақта көрініс алуы, оқыту мақсатын тұжырымдауы,  жаңа оқу материалын түсіндіре алуы және сабақ барысында оқушылардың таным деңгейін ескере отырып саралаған оқу тапсырмаларын беруі қазылардың сын көзінен өтті. Бұл турда да әріптестеріміздің білімді, білікті маман, өз ісін жан-жүрегімен сүйіп атқаратын, өз уақытын шәкірттің білімді болуы мен бақытына арнаған ұстаз екендіктерін байқадық

Үшінші турда мектебіміздің «Жыл мұғалімі» болуға үміткерлер өздерінің әдістемелік қоржындарымен бөлісіп, әдістемелік тұрғыда сауаттылығын, өз ойын еркін білдіретіндігін айқындап,  қазіргі білім беру үдерісіне қажетті, әріптестері үшін тиімді, жаңаша әдіс-тәсілдерді ұсынып, өздері алға тартқан әдіс-тәсілдердің жоғарғы сапаға бағытталғанын, практикалық құндылығын таныта алды. Ал, өнер байқауында барлық әріптесіміз сен тұр, мен атайын сайыпқыран екендіктерін көрсетті. Себебі, бұл сайыс педегогтың әдістемелік шеберлігін көрсетпесе де, өмірге бейім, әр түрлі жағдайда өзін лайықты ұстай алатын, өмірі өнегеге, білім мен өнерге толы екендігін тағы да бір айғақтады.

Мектеп әкімшілігі мен тәжірибелі мұғалімдерден құралған қазылар алқасының шешімімен, жүлделі  І орынды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Амиренов  Самат иеленсе, ІІ орынды тарих пәнінің мұғалімі  Латыпова Назым мен бастауыш сынып мұғалімі Сартаева Динара қанжығалады. Ал, денешынықтыру пәнінің мұғалімі Өмірзақов Есет, биология пәнінің мұғалімі Тасыбекова Айым және математика пәнінің мұғалімі Жадыра Альфия ІІІ орынды бөлісті. Қалған қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. Мектебіміздің кәсіподақ ұйымы І орынға 20 000 теңге, ІІ орынға 15000 теңге,  ІІІ орынға 10 000 теңге және ынталандыру сыйлығы ретінде басқа қатысушыларға 5000 теңгеден ақшалай сыйлық тарту етті.

Марапаттау рәсімінде мектеп директоры Сатиева Гүлдана Табысқызы жеңімпаздарды құттықтап, жүрек тоқтатып, осы сайысқа қатысқан әрбір мұғалім жеңімпаз екенін айта келіп, қатысушыларға білім беру жолында бұдан да биік белестерді бағындыра берулеріне тілектестік білдірді.

 

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button