Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМерекелер

АУҒАН ЖАРАСЫ ЖАДЫМЫЗДА

Ауған оқиғасы – тарих бетіне қара таңбасын қалдырған қанды оқиғалардың бірі. Бірақ сол оқиғаның дереу  тоқтап, ауған жерінде бейбітшіліктің орнауы — барша адам баласының арманы еді. 1979 жылдың 12 желтоқсанында Кеңес Одағы Орталық Комитетінің отырысында шешім қабылданып, КСРО басшылығы Ауғанстан жеріне бейбітшілік орнату мақсатында өз әскерін енгізді. Кеңес әскерінің шектеулі континенті он жыл бойы ауған халқымен бірге соғыс әрекеттерін жүргізді. 1986 жылдың ақпанында әскерді кезең-кезеңге бөліп, ауған жерінен шығару керектігі туралы шешім қабылданып, 1989 жылы ақпанның 15-күні  Кеңес әскерінің соңғы әскери бөлімі Кабулдан шықты. Биыл тарихта өшпестей іс қалдырған, жақындарын жоғалтқан жандардың жанында жара қалдырған, айтулы оқиғаның аяқталғанына 35 жыл толып отыр.

Бүгін Өтеген батыр ауылында Кеңес Одағы әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай арнайы жиын өтіп, Ауған соғысы ардагерлерінің ескерткішіне гүлшоқтары қойылды, қаза тапқан сарбаздарды еске алып, олардың рухына тағзым етілді. Ауғанстан аумағында соғыс қимылдарын жүргізген Кеңес армиясының құрамында 22 мың қазақстандық болды. Олардың 800-ге жуығы ауған жерінде қаза тапты. Бұл соғыста қазақстандықтар өздерінің батырлығымен, жаудан қайтпас қайсарлығымен көзге түсті. Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерімізді еске алу үшін бір минуттік үнсіздік жарияланды.

Тағзым ету жиынының алғашқы сөзі Іле ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бақытжан Көкенұлына берілді.

«9 жыл 10 айға созылған Ауған соғысы туралы деректерге сәйкес, Кеңес одағынан соғысқа 600 мыңнан астам адам қатысқан. Осыдан 35 жыл бұрын Ауған соғысынан 21371 қазақстандық ардагер аман-есен өз Отанына оралған, олардың қатарындағы бүгінде арамызда жүрген Іле ауданының тұрғындары да бар. Бүгінгі ұйымдастырылған шара болашақ ұрпақ үшін тәлім-тәрбие, жауынгерлік  борыштың мәнін қадірлеуге бағытталған. Сіздердің көрсеткен ерліктеріңіз — жастарға үлгі. Сіздер бейбіт өмірге араласып, отбасын құрып, саналы ұрпақ өсіріп, халық көшін алға жылжытуға, еліміздің дамуына үлес қостыңыздар», — деді өз сөзінде қала әкімінің орынбасары.

Келесі сөз Энергетический ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейдалиев Мақсат Сейдалымұлына беріледі.

«Сұм соғыстың зияны тимеген отбасы қалмады. Жастарымыздың бірі тірі қайтпаса, екіншілері мүгедек болып оралды. Жер бетінде соғыс болмасын» — деді ақсақал.

М. Сейдалиевтен кейін сөз алған «Іле аудандық ауған соғысы мүгедектерінің ерікті қоғамы»  қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Бесіров Беркін Сайлауханұлы «Біздің жүрген жолды өскелең ұрпаққа көрсетпесін. Соғыс бізбен аяқталсын. Бүгінгі ескеріп ескерткішке гүлшоқтарын қойғандарыңызға, қайғымызды бөліскендеріңізге көп рақмет» — деді.

Ардагерлер іс-шара соңында ескерткішке фотосуретке түсіп тарасты.

 

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button