ІЛЕЛІК АРДАГЕРЛЕР МЕРГЕН АТАНДЫ
Өткен аптада Өтеген батыр ауылындағы №38 мектеп-гимназиясындағы әскери-патриоттық сыныптарға арналған оқу-ату кабинетінде Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай, Іле ауданының «Құрметті азаматы», Ауған соғысы ардагерлерінің жеке қайырымдылық қорының төрағасы Түймелиев Нұрлан Лесұлының жүлдесі үшін Алматы облысының ауған соғысы ардагерлерінің арасында пневматикалық мылтық және тапаншадан оқ атудан облыстық турнир өтті. Сайысты «Іле ауданының ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігі мен №7 және №38 мектептердің әскери-патриоттық сыныптары ұйымдастырды. Өз Отанына шексіз берілген, өр рухты, қайсар жауынгер ағаларымыздың ерлігін жас ұрпаққа үлгі ету, жаңа қазақстандық патриотизмді дамыту, жастарды әскери-патироттық тәрбиеге баулу, салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен додалы жарысқа Алматы облысының аудандарынан және Алматы қаласынан келген ауған соғысының ардагерлері қатысты. Іле ауданының құрметті азаматы, ауылымыздың кәсіпкер ұлы, ұлттық құндылықтарға жанашыр болып, елді ізгілікке, жақсылық жасауға бастап жүрген арда азамат, ауған соғысының ардагері Н. Түймелиев мергендер сайысына демеушілік етіп, жүлдегерлерге өз атынан қаржылай сыйлық тағайындады.
Шараға Іле аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Рақымжан Бақытжан Көкенұлы, «Алматы облысы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Моладбергенов Қанат Еренұлы, «Іле ауданы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бесиров Беркин Сайлауханұлы, Іле ауданының «Құрметті азаматы», Ауған соғысы ардагерлерінің жеке қайырымдылық қорының төрағасы Түймелиев Нұрлан Лесұлы, Энергетический ауылдық округінің әкімі Рахимов Қанат Қасымханұлы, Энергетический ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейдалиев Мақсат Сейдалымұлы, ауған соғысы ардагерлері және әскери-патриоттық сыныптарда білім алатын жас сарбаздар қатысты.
Байрақты бәсекені «Алматы облысы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Молдабергенов Қанат Еренұлы ашып, тарихқа шолу жасап, жастық жігерін жаныған, азаматтығы сынға түскен Ауғанстан жерінде өткен қан қасап күндер мен жан алысып, жан берген сұм майданда қаза тапқан қарулас достарын еске алды. Сонымен қатар, қазақ жігіттерінің майдандағы ерліктері мен намысты қолдан бермейтін рухты, жігерлі екенін айта келіп, жарысты ұйымдастырушылар мен демеушілерге ауған соғысы ардагерлері атынан алғысын білдірді. Өз кезегінде Іле аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Б. Рақымжан да Ауған соғысына қатысқан батыр ағаларымыздың ерлігін дәріптеп, ауған соғысының ардагерлері әрқайсысы әр түрлі салада еңбек етіп, қоғамға қызмет етіп жүргендігін айта келіп, қолға алған қаруды тек бейбіт мақсатта қолдануларына, еліміз аман, жұртымыз тыныш болуына тілектестік білдірді.
Ал, «Іле ауданы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б. Бесиров, Энергетический ауылдық округінің әкімі Қ. Рахимов Алматы қаласы мен облыстың әр аумағынан келген қатысушылардың келген қадамына сәттілік тіледі. Энергетический ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы М. Сейдалиев болса тарихтан толғай тартып, өткен күндер елесі болып, тарих қойнауына кеткен он жылға созылған майданда қыршын кеткен боздақтарымыз бен ел тыныштығы үшін күрескен батыр ұландардың ерлігі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болатынын, өскелең буынды патриоттылыққа тәрбиелеуде қосар үлесінің зор екенін айтты.
Ал, Н. Түймелиев Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлерінің жеке қайырымдылық қорының төрағасы ретінде игі шаралар ұйымдастырылып жатқанын, бүгінгі мергендер сайысы кешенді шараның бірі екенін атап өтті. Осы уақытқа дейін Ауған соғысы ардагерлерінің атындағы футболдан, волейболдан, баскетболдан турнирлер өткізіліп, түрлі сайыстар қолға алынғанымен, ол сайыстарда ардагерлер тек көрермен болып отыратынын, бүгінгі жарысқа ардагерлеріміз өздері қатысып, бір жасап қалатынын тілге тиек етті. Нұрлан Лесұлының айтуынша, ардагерлер арасында мергендікті сынайтын жарыс облыс түгілі Республикамызда тұңғыш рет өтуде. Алдағы уақытта облыстық деңгейден көтеріліп, республикалық сайыс өткізуді де көздеп отыр екен. Сайыстың ашылу салтанатында №38 мектеп-гимназиясының 6 «К» «Жас шекарашы» әскери-патриоттық сыныбының оқушыларынан құралған «Қыран» тобы «Мәңгілік ел» әнін шырқаса, №7 орта мектебінің 6 «И» «Жас полиция» әскери-патриоттық сыныбының оқушылары Сағидолла Ақбота мен Болатжан Медина «Қазақстан» әнін орындады.
Сайыс басталар алдында №38 мектеп-гимназиясының «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің ұйымдастырушысы, әскери-патриоттық сыныптардың жетекшісі Андосов Ертай Дарменкулович сайысты өткізу барысымен таныстырып өтті. «Бүгінгі жарыс ардагерлерді жастық шаққа жетелеп, қолға қару алған жалынды шақты еске алуға арналып отыр. Сайысқа әр ауданнан төрт ардагер қатысады. Ең әуелі пневматикалық мылтықтан және тапаншадан ату кезінде қаруды сезініп, оның дәлдігін тексеру мақсатында үш оқ байқау оғын атсаңыздар, 5 оқ есепке атылады. Пневматикалық мылтықтан отырған күйі, ал тапаншадан тік тұрып ату керек» — дей келе, атыс алаңындағы нысана мен мергеннің ара қашықтығы он метрді құрайтынын да айтуды ұмытпады. Ардагерлер сайыста белсенділік танытып, мергендіктері сынға түсті. Сайыс қорытындысына сай, Іле ауданының ардагерлері мергендіктерін танытып, жүлделі І орынды қанжығалап, Н.Түймелиев тағайындаған 100000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал, Ұйғыр ауданының ардагерлері ІІ орынға табан тіреп, 70000 теңгені ұтып алса, Алматы қаласынан келген «Жауынгер» қоғамдық бірлестігі ІІІ орынды місе тұтып, 50000 теңге жүлдені қалталарына басты. Сонымен қатар, Сандуов Бугыбек, Байшибилов Тахир, Агибаев Берик «Үздік мерген» атанса, СагадиевБақыт пен Смагулов Серик белсене қатысқаны үшін арнайы алғыс хатқа ие болды.
Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ,
№7 орта мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары