«МЕЙІРІМ ШУАҒЫ» ЕРІКТІЛЕР КЛУБЫМЕН БІРГЕ ЖҮРІҢІЗ
Жақын жүрген адамдарыңның арасында мәрттік деген қасиет болмаса, одан іргеңді аулақ салған дұрыс шығар. Ол бәтшағарлардың басыңа қара бұл түйірілген сәтте бір тиын тұрмақ төбесін көрсетпей кететініне нық сенімді боласың. Ал, ерікті болуда да дәл осындай мәрттік қасиет болмысыңда тұнып тұруы керек. Сонау заманда «Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» деген екен француз жазушысы, философы Дени Дидро. Еріктілік – жастардың белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, өз-өзін қалыптастырып, болашақтың кірпішін қалау үшін әрі әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін бірден-бір игі шара. Сондықтан, уақытты еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамуға жасап жатқан көрсеткіш екені даусыз. Волонтер – ең алғаш «военный» деген сөзден бастау алған. Қазіргі таңда бұл сөздің баламасы «ерікті» деп аталып жүр.
Біздің Іле ауданында Кондурова Наталья Олегова есімді қыздың «Мейірім шуағы (Лучик Добра)» атауымен еріктілер клубы жұмыс жасайды. Оның қасында өзі сияқты қайырымды жандар бар. Олар Жексенбиева Ризвангуль, Ольга Матвеева, Иван Сотников, Галина Царьвная, Инга Валлеруш, Мухамадиева Елена, Олег Павлычев және жәй ғана Наташа ол тасымалмен айналысады. Міне осы қыз-жігіттер аудан көлеміндегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың барлығын киіндіріп, қолдарынан келіп жатса азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Айына 100-120 адам Өтеген батыр ауылы Титов көшесі 24 үйден келіп киім-кешек алып отырады.
Осынау қара жұмысты екінің бірі өз еркімен келіп істемейді. Оған ең бірінші дәті де бармайды, екіншіден уақыттары да тапшы болуы мүмкін. Әйтеуір, ең бастысы, бұл жерде жүрегі үлкен, көңілі кең, алақаны ашық болуы керек.
«Лучик добра» еріктілер клубының жетекшісі Наталья Кондурова: «Ерікті болу, әсіресе, аудандық жерде еріктілік жұмыспен айналысу үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Бұл жерде айлықсыз жұмыс істейді. Бір Жаратушының ғана көмегімен қарныңыз тоқ, көйлегіңіз көк болады. Ең бастысы, аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың керек-жарағын дәл уақытында апарып беріп отыруың керек. Ал олардың қажеттілігі ешқашан тоқтамайды. Күн сайын әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың қарасы көбеюде. Оған өкіметтен берілетін көмек бар болғанымен, қымбаттап кеткен мына нарықта ол алған көмегі түке болмай қалады» — дейді.
Еріктілер клубы жергілікті билік өкілдерімен бірге жұмыс істейді. Десе де, жергілікті билік еріктілерге қол ұшын беруде енжарлық танытып келеді дейді «Лучик Добра» клубының мүшелері.
Жалпы, ерікті дегеніміз – арнайы бір мақсатта құрылған ұйымдарға өз еркімен мүше болатын жандар. Еріктілер ең алғаш Италия, Франция және Англиядағы әскери ұйымдар сапында болған. Қазақта «асар» деген сөз бар. Асар деп – ақы төлемейтін, төлемсіз топ адамның өзге адамға қол ұшын созуы. «Еріктілер» атқаратын қызмет пен асаршылар атқаратын қызмет тең екендігін байқауға болады. Яғни, еріктілер батыс елдерінде белгілі бір кішігірім топтармен бірігіп бастау алғанымен, елімізде бұрыннан келе жатқан дәстүрлі шара. Қазақ қоғамында үлкенге құрмет, кішіге ізет көресете білу еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейінгі атқарылуы тиісті парыз істердің бірі.
Әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің ой тұжырымдамасында қайырымды қала тұрғындарына сипаттама беріп, ізгі жандардың қоғамдағы орны қарастырылады. Қайырымды қаланың тұрғындары ізгі қоғамды құрайтын, мақсаты жақсылыққа бағытталған жандар екені философиялық тұрғыда түсіндіріледі. Әл-Фараби трактатында: «Адам толығымен жетілуі үшін ол көптеген мәселелерден тәуелді болады. Себебі ол барлық өзіне қажетті нәрселерді жалғыз өзі жасай алмайды, әрі қол жеткізе алмайды. Сондықтан, адам өзінен басқа да адамдардың қоғамдастығында өмір сүруі керек және сонда ғана ол толық жетіліп, бақытқа қол жеткізе алады», — дейді. Бірақ, ол басқа адамдарға қатысты да қоғамдастықтың құраушысы болып табылады. Осылайша, қоғамдастықтың әрбір мүшесінің іс-әрекеті оның әрбір мүшесіне қажетті нәрселердің барлығын тауып береді екен. Қауым адамдары бір-біріне көмек көрсетулері арқылы ғана кемелділікке жетіп, тыныштығын сақтайды және үйлесімді өмір сүреді. Бірақ олардың барлығы толық мәнге ие бола алмайды және қоғамның да түрлері көп. Ойшыл толық мәнді қоғамды үшке бөледі: ұлы, орташа, шағын. Сондай-ақ, оларды «барша адамзат баласының қоғамдарының тұтас жиынтығы. Игілік пен кемелділік дәрежесіне ең бірінші қала жетпек», деп ой түйеді.
Ерікті болу — әлемді басқа адамдардың көзімен көруге мүмкіндік беретін қайырымды іс деп санаймын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғастырылып келе жатқан игілікті іс барша қоғам үшін аманат болуы тиіс.
«Лучик Добра» еріктілер клубы үйлеріңізде килмей жатқан киім-кешек немесе ыдыс-аяқтарыңыз болса қабылдайды. Ол үшін Наталья Олеговнаға хабарлассаңыз жетіп жатыр. Өзіңізден артылса өзгемен бөлісуді әдетке айналдырңыз.
Бағдат ШОЙБАС