Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМерекелерЭнергетический ауылдық округі

ҚҰТҚАРУШЫ АРУЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

«8 наурыз – халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында Іле аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің мәжіліс залында Алматы облысының төтенше жағдайлар қызметіне еңбегі сіңген ардагер құтқарушы әйелдерге арналған мерекелік кеш өтті. Мерекелік шараға Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының кадр ісі және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, азамттық қорғау полковнигі Б. Қалиев, облыстық Төтенше жағдайлар бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Кабылов, төраға орынбасары Г. Сидарчук, Алматы облысының әр ауданында қызмет еткен құтқарушы, байланысшы, азаматтық қорғау ісінде қызмет атқарған ардагер-аналар, Іле аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, №7 орта мектеппен №38 мектеп-гимназиясының әскери-патриоттық сыныптарының оқушылары мен олардың әскери жетекшілері қатысты.

Мерекелік кешті  Мират Кабылов ашып, «Ана – өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас пен ыждаһаттың, пәктік пен парасаттылықтың қайнары. Әйел заты аялауының бәрінде сүйіспеншіліктің, бақыт пен ізгіліктің жарқын ізі қалады. Президентіміздің «Кез келген мемлекеттің жеткен биігі, мәдениеті, оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді» – деп, атап көрсетуі, әйел-азаматының бүгінгі қоғамдағы ерекше орнын білдіреді. Қазіргі қазақстандық әйелдер қауымы сегіз қырлы бір сырлы. Шаңырақ берекесімен қатар, әлеуметтік өмірдегі жұмыстың тізгінін тең ұстаған. Сөйте тұра, еңбекқорлығымен, жауаптылығымен және кәсібилігімен ерекшеленуде. Соның ішінде құтқарушы, байланысшы, өрт сөндіруші қызметін атқарып, от пен суға, табиғи апаттарға ерлермен қатар төтеп беріп, тұрғындарды құтқару ісіне белсене араласқан аяулы нәзік жандыларымыздың ерлік істерін ерекше атап өткіміз келеді» — дей келе, қонақтардың әрбірінің атқарған қызметін, халыққа сіңірген еңбегін атап өтті. Сонымен қатар, Алматы облыстық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының арнайы алғыс хатын табыстады.

Кеш барысында әскери-патриоттық сыныптардың әскери жетекшісі, старшина Андосов Ертай Дарменкулович сөз алып, «Бұл күн ізгіліктің, мейірімділіктің, әдеміліктің нышаны. Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегінде сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды. Осы айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елге ырыс-құт дарысын. Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, көтеріңкі көңіл-күй тілейміз!» — деп, әскери-патриоттық сыныптардың атынан құтқарушы әйелдерге алғысын білдірді. Мерекелік шарада 6 «И» «Жас полиция» әскери-патриоттық сыныбының оқушылары Болатхан Медина мен Сағидолла Ақбола «Қазағым» әнін шырқаса, 6 «И» «Жас полиция» және 6 «К» «Жас шекарашы» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері «Лезгинка» биін билеп, көрермендерге шаттық сыйлады. Ал, 9 «А» «Жас өрт сөндіруші» әскери-патриоттық сыныбының оқушылары құтқарушы аналардың құрметіне Төтенше жағдайлар министрлігінің гимні «Құтқарушы» әнін шырқап, от пен судан тайынбайтын абзал жандардың мерейін үстем етті.

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button