Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамСпортЭнергетический ауылдық округі

БІЛЕКТІ ДЕ БІЛІКТІ ЖЕРЛЕСІМІЗ – «ҰСТАЗ БАРЫСЫ» АТАНДЫ

Наурыз мейрамы қарсаңында Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Nur-Aman» спорт кешенінде Алматы облысының мектеп мұғалімдері арасында қазақ күресінен «Ұстаз барысы» облыстық турнирі өтті. Бұл сайыс халықтың барлық топтары арасында Қазақ ұлттық күресін дамыту мен насихаттауды, сондай-ақ мұғалімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат етеді. Облыстық турнирге аудандық іріктеу сайысында жеңімпаз болған сайдың тасындай 50 балуан-ұстаз қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында Қазақ күресі бойынша Алматы облысының аға жаттықтырушысы Жангелді Хамитов сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ж. Хамитов өз сөзінде «Алматы облысында қазақ күресінен турнирлер жиі өтеді. Алайда, «Ұстаз барысы» облысымыздың  аудандары мен Қонаев қаласының жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдері арасында ұйымдастырылған сайыс болуымен ерекшеленеді. Қазақ күресінде жарақаттар сирек кездеседі. Басқа күрес түрлерінен басты айырмашылығы – балуандар тек тік жүріп күреседі. Партерде немесе жатып күресуге тыйым салынады. Тізеге салып, қолды бұрау, тұншықтыру әдістерін қолдануға болмайды», — дей келе, ұлттық спортымыздың бірегейі қазақ күресіне деген сұраныстың артқанын тілге тиек етті.

Балуан-педагогтар 5 салмақ дәрежесінде: (60 кг, 70 кг, 80 кг, 90 кг, +90 кг) жүлделерге таласты. Нәтижесінде, Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Зәкен Шыңғыс Болатұлы 60 кг салмақ дәрежесінде бас жүлдені иеленіп,  өз салмағында Алматы облысының «Ұстаз барысы» атанды.

Зәкен Шыңғыс Болатұлы 1996 жылы 23 тамызда Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр ауылында дүниеге келген. 2003 жылы М.Мақатаев атындағы №13 орта мектептің табалдырығын аттап, 2014 жылы орта мектепті тәмәмдаған. 2014-2019 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясында білім алып, 2019 жылдан бері №7 орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. Шыңғыстың спортқа деген қызығушылығының оянуына әкесі Нугуманов Болат Зәкенұлы жас кезінде Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойында қазақ күресінен жеңімпаз болғаны әсер етіп, әке жолын қуып, спортты, оның ішінде күресті таңдаған. Жастайынан спортқа баулыған бапкері Султанов Төлегенді, дзюдо күресінің үш дүркін Олимпиада чемпионы Татахиро Намуроны, Олимпиада ойындарының вице-чемпионы Асхат Житкеевті, Елдос Сметовті өзіне спорт жолында рухани ұстаз тұтып, солардың соқпағымен жүріп келеді. Он жасында ағасы дзюдо күресіне ертіп апарып қатыстырған Шыңғыс бүгінгі таңда дзюдо, самбо, қазақ  күресімен айналысып, дзюдодан халықаралық жарыстардың жеңімпазы, самбо күресінен жасөспірімдер арасында күміс жүлдегер, жастар арасында қола жүлдегер, ересектер арасында Қазақстан Республикасының екі дүркін қола жүлдегері атаныпты. 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпонатында бес дүркін жеңімпаз, Азия чемпионатының чемпионы дәрежесін иемденген Ш. Болатұлы мектепте ұстаздық етуімен қатар  жаттықтырушы болып шәкірт тәрбиелеп жүр. Маратбек Әмір, Серікбай Ернар, Дамир Маметименов сынды шәкірттері республикалық сайыстарда, Қазақстанда, Қырғызстанда өткен халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып, ұстазының мерейін асырып жүр екен. Шәкірттері де, өзі де көптеген сыннан өтіп, сан түрлі додаларда топ жарып жүрген балуан «Ұстаз барысы» жарысы республикалық деңгейге көтеріліп, қазақ күресінің мерейі үстем болуын тілейді. Біз де балуан – ұстаз, Алматы облысының «Ұстаз барысы – 2024» сайысының жеңімпазы Шыңғыс Болатұлын жеңісімен құттықтай отырып, ұлттық спортты дамытуда, ұстаздық жолда биік белестерді бағындырып, «ұстаздан шәкірті озып», баулып жүрген ұландары асқар асулардан асып, биік белестерді бағындырып, еліміздің туын Олимпиада ойындарында желбірете беруіне тілектестік білдіреміз.

 

 Алмат ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button