«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ СЕРТИФИКАТТАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «AMANAT» партиясының бастамасымен 5 ақпаннан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы бастау алды. Қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған оқу 6 ауданда өткізіліп жатыр. Бүгінде шамамен жоба аясында Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген, Талғар аудандарында 3 500 адам қаржылық сауатын арттырды. Жоба бойынша жыл соңына дейін Алматы облысында жалпы 10 мыңнан астам азаматтың қаржылық сауатын арттыру жоспарланған.
Айта кету керек, «Қарызсыз қоғам» − халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлескен бастамасы. Аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқудан өте алады.
«Қазіргі кезде көпшілік адам өздеріндегі шығынды несиемен өтеуге құмар. Сол себепті де көбінің шығыны кірісінен асып түседі. Тіпті кейде алған несиесінің қарызын екінші бір несие алып, жауып жататындар да аз емес. Қазір адамдар несиге көп мән бермей, «жеңіл ақша» ретінде қарайды. Соған байланысты елімізде өткен жылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылды. 5 ақпаннан бастау алған жоба Іле ауданында да оқытылып жатыр. Әрбір Қазақстанның азаматын өз қаражатын тиімді әрі нақты мақсатта пайдалану, алған несиесін жүйемен пайдалануға бағыт беру аясында осы жоба іске асып отыр. Қазіргі таңда жоба бойынша барлық қарастырылатын бағдарламаларға қаражат дайын. Бүгінгі таңда бағдарлама аясында өз кәсібін бастау үшін 11600 адам өтінім қалдырды, 9 мың адамның өтінімі мақұлданып, келісім шарт алып, жұмыс істеп жатқан азаматтар саны 5 мыңға жетті. Жобаға бөлінген 8,3 миллиард қаражаттың 6 миллиарды халыққа таратылды», — дейді облыстық «AMANAT» партиясының төрағасы Қуат Байғоджаев.
– «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, ақшаны үнемдеу, несиені алғанда банктің келісімшарттарын қарау, ондағы тиімсіз жолдарды тексеру, басқалардан қарыз алмау, тағы басқа да қажетті мағлұматтар алдым. Қолымдағы қаражатты мақсатты жұмсауды, несиені қайтару процесін есептеп үйрендім. Бұл – мен үшін құнды ақпарат. Бұрын осындай курсқа қатысқым келгенімен, көп жерде ақылы болғандықтан қолым жетпей келді. Осындай жобаны жүзеге асырып жатқан азаматтарға алғысымыз мол», — дейді жоба аясында қаржылық сауаттылығын арттыру курсына жазылған Жеңіс Наурызханович.
Курсқа қатысушылар бір айға жуық уақытта жалпы бағдарлама бойынша білімдерін арттырып, мамандардан қолданыстағы қаржы құралдары, бағдарламалар, несиелер мен гранттар туралы кеңес алды. Іле ауданында қаржылық сауаттылығын арттырған тұрғындарға сертификат табысталып, «Жеке қаржыны басқару» атты кітапшалар таратылды. Еске саламыз, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында жыл соңына дейін облыс бойынша 8500-ге жуық тұрғынды тегін оқыту жоспарланып отыр.