Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

ТАЗА АУЛА – ТАЗА АУДАН

Құрметті Іле ауданының тұрғындары!
Алматы облысындағы іргелі ауданның бірегейі, ортақ үйіміз – ауданымыздың тазалығын сақтап, өзіміз өмір сүріп, ауасын жұтып отырған қоршаған ортамызды қорғаудың маңызы зор. Сол себепті, сіздерді елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталғанын хабарлай отырып, «Таза аула – таза аудан» ұранымен тарихы терең, шежірелі Іле өңірінің тазалығын сақтауға атсалысуға шақырамын. Бұл акция барысында ұйымдастырылған шаралар кешені әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, алғашқы экологиялық апта «Таза өлке» деп аталып, барша тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар өздерінің тұратын үйлері мен қызмет ететін ғимараттары аумақтарында тазалық жүргізеді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға, киелі орындарды қоқыстардан тазалауға арналады. Ал үшінші аптада әрбір елдімекендерде көшеттер отырғызылып, ағаштардың түбі әктелсе, төртінші аптада «Өнегелі ұрпақ» деген атаумен ауылымыздың қазынасына айналған ардагерлер ұйымдары орналасқан ғимараттар мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада «Бұлақ көрсең – көзін аш» дегендей, өзен-бұлақтардың арнасы қоқыстан тазартылады.


Құрметті жерлестер, бұл тек бір сәттік шара емес. Ең біріншіден, біз тазалық жүргізу арқылы өзіміз тұратын өңірді қоқыстан тазартсақ, екіншіден, жас ұрпаққа сөзбен емес, ісіміз арқылы туған жерді құрметтеуге үлгі боларымыз анық. «Тазалық – иманның жартысы» деп атамыз қазақ айтқандай, елінің ертеңін ойлайтын азамат ретінде жас ұрпаққа, келешек буынға таза экологиялық ауылды мұра ету – біздің парызымыз.
«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, сырттан қараған сыншыл көз ауылымызға қызыға қараса, біз үшін мақтаныш болар еді. Осы ретте, өскелең ұрпағымыздың дені сау болсын десек, барша тұрғындарды, әр түрлі сала қызметкерлерін, кәсіпкерлерді, білім алушыларды ауданымыздың таза тұруына атсалысуға шақырамын. Айналамызды таза ұстасақ, ауылдың көркі ажарлана түсетіні айдан анық. Сол себепті, жұдырықтай жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, республикалық тазалық акциясына қатысып, табиғат ананы қорғау үлес қосайық!

Құрметпен: Бағдат ҚАРАСАЕВ,
Іле ауданының әкімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button