Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБайсерке ауылдық округіБасты ақпаратКүшіміз Бірлікте!Қоғам

«DAMU» ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚТАРҒА КӨМЕК БЕРДІ

Ауданымызда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жіберу әлі де жалғасып келеді. 25 наурыз күні «DAMU» индустриалды-логистикалық орталықтың ұйымдастырумен су апатынан зардап шеккен өңірлердің бірі Петропавлск қаласына жалпы мөлшері 45 тоннаны құрайтын, екі фура гуманитарлық көмек жөнелтілді. Оның ішінде 30 тоннаны азық түлік заттары, ал 15 тоннаны тұрмысқа қажет керек-жарақтар құрайды. Гуманитарлық көмекке кеткен 50 млн. теңге көлеміндегі қаражат логистикалық орталықтың өз бюджетінен алынған. 

«DAMU» индустриалды-логистикалық компанияны дамыту жөніндегі директордың орынбасары Арман Шаймерденов жинақталған өнімдердің тізімі екі аудан әкімдерімен және  еріктілерімен келісе жасалған деп отыр: «Аталған өнім тізбесі Іле ауданының әкімдігімен СҚО әкімдіктерімен және қоғамдық ұйыммен келісілді. Тізім негізінен азық-түлік өнімдерінен, тұрмыстық, гигиеналық және күнделікті өмірге қажет керек-жарақтардан тұрады. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлер қазір өте қиын кезеңді бастап өткеріп жатыр. Қиын кезеңнің ауыртпалығын сәл де болса жеңілдету үшін қолымыздан келгенше заттай қажеттіліктерін өтеуге барынша талпынудамыз».

Сонымен қатар, Арман Шаймерденовтің сөзінше, азық-түлік тізімі бойынша сұраныс көбінде консервіленген ет өнімдеріне келіп түскен: «Бүгінгі азық-түлік өнімдері бойынша консервіленген етке тапсырыс беруге баса назар аударылды. Қазір жіберілетін 30 тонна азық-түліктің 40 пайызы осы өнімнің есебінде. Яғни 6 мыңнан астам консервіленген ет өнімі жинақталған. Одан бөлек, күріш, ұн, томат пастасы, күнбағыс майы және тағы да басқа күнделікті тұрмыста қолданылатын азық-түлік қатары жіберілмек».

Петропавл қаласына жіберілетін гуманитарлық көмектен өзге, компания алдағы уақытта басқа өңірлерге де өз көмек қолын созуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Еркін Жанадилов – 30 жылдан астам жүргізушілік стажы бар гуманитарлық көмекті Петропавл қаласына жеткізетін компания жүргізушілерінің бірі. Оның айтуынша, оқыс жағдайларды ескермегенде, жөнелтілетін гуманитарлық көмек 1,5, 2 күнде су тасқынынан зардап шеккен облысқа жеткізілмек.

Айта өту қажет, ауданымызда су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмектен бөлек  трактор, камаз сынды арнайы техникалық жабдықтар да жіберілген.

Аталған техниканың 127-сі Алматы облысы бойынша, ал 11- і Іле ауданы бойынша жөнелтіліп, қазіргі таңда апатты өңірлерде тыңғылықты деңгейде жұмыс істеп жатыр.

 

Диана Қанат

Басқа жаңалықтар

Back to top button