Алматыда ата-аналар мен әжелер шеберлік сабағын өткізді
№4 мемлекеттік бөбекжай балабақшасында ұйымдастырылған шара ынтымақтастықты арттыруға бағытталған. Семинарға аудандық білім бөлімінің бас маманы, әдістемелік бірлестік жетекшілері, ата-аналар және аудан әдіскерлері және жекеменшік балабақша әдіскерлері де қатысты. Шараның мақсаты – ұлттық сананы қалыптастыру мен ата-ананың арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұлттық құндылықтарды балалардың бойына сіңіріп, патриот болуға, ұлтжанды болуға тәрбиелеу. Жобаны жүзеге асыру барысында ата-ана мен тәрбиешілер қолөнер туындыларын жасап, әкелер мектебі аясында ұлттық ойындар ойнатылған.
“Біздің балабақша екітілді әрі көпұлтты. Сол себепті ата-аналарымызға ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында осындай жобаны қолға алдық. Аналар, әкелер, әжелер мектебі баланың өсіп-өркендеуіне, ұлттық тәрбие беруде, дәріптеуде өте маңызды. Біз ұмыт болып кеткен дәстүрімізді жаңдандырып жатырмыз. Сәйкесінше бүлдіршіндерде отанына деген сүйіспеншілікті сіңірсек деген ойымыз бар. Ата-аналар мектебі арқылы балалардың жас ерекшеліген қарай ұршық иіру, тасқа сурет салу, сақ дәуірінен келе жатқан таңбала тастарымызбен таныстырып жатырмыз. Әжелер мектебін құруымыздың мақсаты да осы”,- деді Алматы қаласы Алатау ауданы, №4 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Эльмира Нұршаева.
Семинар барысында қонақтар бес топқа бөлінді. Әр топтың өзінің ерекше ұлттық құндылықтарды: киіз басу, жүн сабау, жүн түту, құрғақ жүнмен жұмыс істеу, орыс халқының хохлома өрнегін салу деген сияқты тапсырмалары болды. Тапсырмаларды қонақтарымыз қызығушылықпен орындады.
Алматы қаласы Алатау ауданы білім бөлімінің бас маманы Мәншүк Зеитова: “Балабақшада бала әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Қолөнер жұмыстарын жасай отырып, олардың қол моторикасы мен сөйлеу мәнерлері де дамиды. Балалардың қолын әртүрлі мақсатта қимылдату арқылы ой-өрісі де дамиды”.