Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыКүшіміз Бірлікте!Қазақстан жаңалықтарыҚоғам

ЖАҢАТАЛАП АУЫЛЫ СУ ТАСЫҒАН АЙМАҚҚА ЖИЫРМА КИІЗ ҮЙ ЖІБЕРДІ

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол»- шығаратын халқымыз су тасқынының зардабын жұдырықтай жұмыла жеңбек. Еліміздің әр өңірінде гуманитарлық көмек қабылдау орындары жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар тілсіз жаудың құрсауында қалған отандастарға қажетті заттар тасып, ерекше белсенділік танытуда. Сол сияқты  Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылдық округіндегі, Жаңаталап аулы да игі істен қалыс қалып жатқан жоқ. Мұнда су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындарына гуманитарлық көмек жинап жатыр. Үш мыңға жуық халқы бар ауылдың бірі де қалмай қаржы жинап жиырма киіз үй сатып алып, Атырау облысы, Жылой ауданы, Құлсары қаласына жіберді. Қысылтаяң шақта қол қусырып отыра алмай, жанашырлық танытқан тұрғындардың қарасы көп. Қабылдау пункті ретінде пайдаланған ауылдың орталық дүкеннің алды  ығы-жығы. Барлығы қажетті заттарды әкеліп жатыр. «Газель» көлігі әп-сәтте тола қалды.

Жаңаталап ауылының Қоғамдық кеңес төрағасы Нәзира Орынғалиқызы: «Бәрімізге белгілі Президентіміз Қ. Тоқаев өз үндеуінде жаппай ел болып қиын күндерді бірлесе күресе отырып, жеңуге  шақырды ғой. Біз осыны ескере отырып, ауыл азаматтарымен келісіп, кеңес құрдық. Нәтижесінде қаржы жиналды. Қаржылық көмекті жинарда белгілі бір суммада емес, әркім шамасы жеткенше берді. Жаңаталап ауылының үлкендері мен жастары мынадай зілзала болғаннан кейін үйде отыра алмай, естіп отырғаннан кейін келіп, қолдан келгенше тиын-тебендерін, заттарын беріп жатыр. Жиылған қаржыға 20 киіз үй сатып алдық. Біз Құлсары қаласының әкімшілігімен келістік, біздің аманатымызды сол кісілерге табыстайтын болдық» — деді.

Бірлігі жарасқан елдің жанашырлығы сыналар шақта жаңаталаптық азаматтар белсенділік танытып, заттарды сұрыптап, жиналған гуманитарлық көмекті арнайы жүк көлігіне тиеп, Құлсарыға аттандырды. Осылайша ауыл азаматтары халықтың күші бірлікте екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ескере кетейік, Алматы облысы бойынша осы бүгінге дейін  Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласына Атырау қаласына және облысына 250 тоннадан астам гуманитарлық көмек берілді. Азық-түліктен бөлек Алматы облысы әкімінің басшылығымен 170 техника жіберілді. Алматы облысының ірі кәсіпорындары «Қазақстан халқына» және Қазақстан демеу қорларына 50 млн-ға жуық қаржылай көмек аударылды. Облыс көлемінде 500-ге жуық еріктілер жұмылдырылып, көмектесіп жатыр.

 

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button