МҰСЫЛМАН ҚАУЫМЫНЫҢ ҰЛЫҚ МЕРЕКЕСІ
Құрметті
Іле ауданының тұрғындары!
Сіздерді мұсылман халқының қастерлі мерекесі, ұлық күндерінің бірі – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын.
Құрбан айт – мұсылман халқы үшін ерекше мейрам. Бұл мереке елдің бірлігін күшейтіп, татулық пен ынтымақтастықты, бауырластықты арттырады. Шариғатта дәріптелген діни дәстүрлер мен жоралғылар еліміздің қанына сіңіп, ең қастерлі әрі ұлық мерекенің біріне айналды. Бұл күні күллі мұсылман баласы тарихы тереңнен тамыр тартқан, яғни Ибраһим пайғамбардан сүннет болған құрбан шалу рәсімін жасап, Алла Тағаладан тілек тілейді. Бұл туралы қасиетті Құран-Кәрімнің «Әл-Кәусар» сүресінің екінші аятында «Раббың үшін намаз оқы жəне құрбандық шал» — деп, әрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу уəжіп (мұсылмандық міндет) екендігін білдіреді.
Құрбан айт – жақсылық пен мейірімділіктің, ізгілік пен қайырымдылықтың мерекесі. Осынау атаулы күндерде жүрегінде иман нұры ұялаған әрбір мүмін адам игілікті іске бой ұрып, жақсылық жасауға, мұқтаж жандарға көмектесуге, төңірегіндегі жақындарына қуаныш сыйлауға тырысады. Сондай-ақ, ол әр түрлі этностар мен дін өкілдерінің, ұлттар мен ұлт өкілдері арасындағы сыйластықты, достық пен бірлікті, татулық пен ынтымақтастықты сақтауға және одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Бұл мереке Қазақстан халқының ұлттық ерекшеліктерін, игі құндылықтарын, ғасырлардан көш тартқан мәдени және тарихи, діни мұраларын сақтап, одан әрі дамыта түсуіне септігін тигізеді.
Құрметті аудан тұрғындары, баршаңызды бүгінгі қасиетті мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, бақыт, тыныштық, амандық тілеймін. Жаратушы Иеміз тілеген тілек-дұғаларымызды қабыл етіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, патшамызға тауфих беріп, халқымызға қанағат беріп, ізгілікте, татулықта ғұмыр кешіп, қастерлі ұлы Отанымызды мекендеген әрбір жанның жүрегіне иман нұры ұялап, Қазақстанымыз гүлдене берсін.
Құрбан айт – құтты болсын!
Бағдат ҚАРАСАЕВ,
аудан әкімі