Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғам

Ертегі — баланың тілін жаттықтырады

Ертегі – баланың тілін жаттықтырады. Ертегі кейіпкерлерінің басынан өтетін оқиғалары арқылы бала күнделікті өмірінде болып жатқан оқиғаларды талдай білуді және әлемді түсінуді үйренеді. Ертегілік әлем түсінуге жеңіл: жақсы мен жаманның арасы анық. Сонымен қатар баланың ойлау қабілетінде маңызды нәрселер де көрініс табады. Яғни, жомарттылық пен сараңдық, жақсылық пен жамандық, менмендік пен бауырмалдық деген мәселелер көтеріліп, негізгі идея ретінде баяндалады. Балалар өздерін ертегі кейіпкерлеріне теңеп, соларға еліктейді. Өзіне ұқсас кейіпкерді, бейсаналы түрде таңдап, соның әрекеттерін қайталауға тырысады. Жалпы ертегілер тәрбиенің негізгі құралы болғандықтан, оқитын ертегіні таңдауда мұқият болған абзал.
Ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша, балаға ұйықтар алдында 15 минут бойы ертегі айтып берсеңіз, балаңыз тәрбиелі, ашық, батыл, ақыл тыңдайтын, ұқыпты болып өседі. Ертегіні тыңдап болғаннан кейін оны талқыласаңыз, баланың өз бетімен оқуға ынтасы пайда болады. Әрі ойлау қабілеті дамып, сөздік қоры арта түспек.
«Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ Іле ауданы бөлімінің 14 маусым – Әкелер күніне арналған жоспары бойынша Байкент ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Беріков Амантай атамыздың шаңырағында ертегі оқу шарасы ұйымдастырылды. Ақсақал немерелерін жинап, ғасырлар бойы ауыз әдебиеті арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор халық ертегілерін оқып берді. Балалар ертегілерді ұйып тыңдап, батырлардың ерліктерінен шабыт алды.
«Бүгінгі ертегілер маған қатты ұнады. Әсіресе, Ертөстік туралы ертегі қызық болды. Ертөстік – ержүрек, бойындағы күшін барынша жақсылық жасау мақсатында пайдаланды.», деді кішкентай Димаш. «Маған ерекше ұнаған ертегі «Алтын сақа» ертегісі. Байдың баласы өте ақылды, сонымен қатар, батыр. Мен де өткенде батыр болғым келеді.», деді Алуа.

Басқа жаңалықтар

Back to top button