ЖАРЫЛҚАСЫН НЫСАНБАЙҰЛЫ: ЕЛІМЕ АДАЛ ӘРІ ПАЙДАЛЫ ҚЫЗМЕТ ЕТКІМ КЕЛЕДІ
Мемлекеттік қызметкер болу – абыройлы іс. Елімізде қызметкерлерге мемлекеттік қызметкерлер атауының енгізіліп, атаулы күн, айтулы мерекеге айналып, ұлан-байтақ Отанымызда жылда тойланады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге бағытталған жұмыстарды айрықша қолға алып, реформалап, жаңа деңгейге көтерді.
Жалпы, мемлекеттік қызметшілер өз елінің, Отанының шынайы патриоты, әділ әрі өз ісіне адал болуы қажет. Өйткені, олар мемлекеттік саясатты жүргізудегі ең басты және қозғаушы күш болып табылады. Өз ісіне берілген, білімі мен біліктілігі жоғары, адамгершілігі мол, мінез-құлқы келіскен, отансүйгіш азаматтардың мемлекеттік қызметке келуі – өз кезегінде аталған салада серпін берері сөзсіз. Сондай-ақ, мемлекет пен ұлттың ұзақ мерзімді мүдделерін басшылыққа алады. Ауданымызда да ұлт мүддесін алға қойған үздік деп танылған мемлекеттік қызметкерлеріміз баршылық. Соның бірі аудандық әкімшілік аппаратының мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі мен ақпараттық жүйелер бөлімінің басшысы Жарылқасын Яхиядан төл мерекелеріне орай арнайы сұхбат жазылып алынды.
– Сәлеметсіз бе, Жарылқасын Нысанбайұлы! Қызметіңіз құтты болсын! Жаңа қызметіңіздің міндеті мен атқарар қызметі қандай?
– Мен бөлім басшысы ретінде тағайындалған мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі мен ақпараттық жүйелер бөлімі Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тікелей ұйымдастырады. Яғни, мемлекеттік қызмет алушының өтініші негізінде көрсетілетін қызметті берушіден мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда алуын, сондай-ақ, құқығы бұзылған жағдайда немесе қызмет көрсетушінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талдау жүргізіледі.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтердің электронды түрде көрсетілу механизмі бойынша айтатын болсам, қызметті алушы мен қызметтер көрсетушінің арасында тікелей қарым-қатынас болмайды. Бұл бюрократияның алдын-алу деп санаймын. Десе де, мемлекеттік қызметтердің электрондық форматқа ауысу бойынша әлі де халық арасында кеңінен насихаттау қажет.
Қазіргі уақытта, осы үгіт-насихат жұмыстарына басымдық берілуде. Біздің бөлім тарапынан әрбір азаматтың сана-сезіміне бұл заманауи қажеттілік екенін, оны пайдаланып, әрі қарай дамыту тиіс екенімізді сіңіруіміз керек. Ол үшін ауданда мемлекеттік қызметтер көрсететін мекемелермен бірлесіп, елдімекен тұрғындарына жаңа технологиялар мен ақпараттық жүйелерді меңгере отырып, электронды үкіметпен жұмыс істеуде дағдыға айналдыру мақсатында, әр сала бойынша жәрмеңкелер мен қызмет алушы күні тұрақты түрде онлайн және офлайн режимде өткізіліп тұрады.
– Осыған дейін тағайындалған қызметіңізден қандай тәжірибе алдыңыз?
– Бүгінгі таңда еңбек нарығында майшаммен қарайтын маңдайалды мамандар баршылық. Дегенмен, прекариат сала ауыстыру, тұрақсыздық жұмыста көп кездеседі. Мәселен, адам бір мекемеде жұмыс істеуі мүмкін. Алайда бір мекемеде еңбек еткенімен, сол мекеменің ішінде қайта-қайта жұмыс ауыстырудың өзі де адамды бейресми, психологиялық тұрғыда тұрақсыз жағдайға қалдырады. Мұндай тұрақсыздық бірте-бірте қызметкердің еңбек етуге деген ынтасын төмендетіп, жұмыс сапасына, түпкі нәтижесіне теріс әсер етеді. Соның салдарынан адам жүйеден шығып, жұмысынан айырылуы да бек мүмкін. Өмірлік ұстанымдарымның бірі – әр нәрсенің басын шалмай, бастаған ісіңді толық игеріп, сол саланың майталманы болу. Жас мемлекеттік қызметші болып 5 жылға тарта уақыт бойы ұйымдастыру бөліміне қызмет еттім. Ұйымдастыру бөлімі – барлық саланы қамтиды. Тәжірибе жинауға нағыз орта десем, артық айтқаным емес.
– Көп саланың ішінен таңдауыңыз неге нақты мемлекеттік қызметке түсті?
– Біздің елде мемлекеттік қызмет мықты құқықтық негізі бар және Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелген.
Жалпы адам өмірде басты миссияларының бірі – ол өмірден өз орныңды табу. Бастапқыда жоғарғы оқу орнын бітірген соң, өзімді дәл мемлекеттік қызметте қабілетімді тексергім келді. Кейіннен, жұмыс барысында алған тәжірибемді шыңдағым келді. Сонымен, жоғарыда айтып өткенімдей мамандық таңдаудан шатаспағанымды түсіндім.
– Әр кәсіп түрі маман бойынан белгілі бір қасиеттердің болуын талап етеді. Осы тұста мемлекеттік қызметкерлер қандай болу қажет?
– Мақсатым – өз елімнің патриоты ретінде, елге адал, әрі пайдалы қызмет ету. Әр мемлекеттік қызметші – әділ, жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оларды тәжірибеде қолдана білу, адалдық және парасаттылық, белсенді өмірлік ұстаным сынды қасиеттерге ие болуы басты міндет. Өз саласы бойынша, үнемі өзін-өзі жан-жақты жетілдіруге ұмтылуы керек. Сонымен қатар, олардың негізгі миссиясы елге қызмет ету екенін түсінуі тиіс.
Мәселен, әскери қызметтегі тұлғаларға әлеуметтік пакет беріледі. Ал мемлекеттік қызметкерлерге қандай да бір пакет тағайындала ма? Егер тағайындалмаса осы мәселеге қатысты өз пікіріңізді, не ұсынысыңызды айтып өтсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, мемлекет тарапынан мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік қолдауды енгізер едім. Мысалы, мемлекеттік балабақшада белгілі бір мөлшерде жеңілдік қарастыру; еңбек өтілі 20 жылдан асқан мемлекеттік қызмет атқарған мамандарға санаторияға жолдама, жас мемлекеттік қызметшілерге тұрғын үймен қамтамсыз ету. Елімізде мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің тиімділігін, беделін арттыру жұмыстары уақыт талабына сай оң имидж қалыптастырылса деймін.
Жалақы жағыңыз қалай? Ол жағына көңіліңіз тола ма?
Қазір мемлекеттік қызметте жақсы кадрлардың ауысуы жиіледі. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы туралы сұрақ қазіргі таңда Республика көлемінде көтеріле бастады. Себебі, мемлекеттік қызметке өз елінің патриоты болу аздық етеді, мемлекет саясатын жүргізетін мемлекеттік қызметшілердің қатарында тың идеясы бар, креативті жастарды тартуда жалақы маңызды рөл атқаратыны анық.
– Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай өз әріптестеріңізге құттықтау сөз арнасаңыз.
– Құрметті әріптестер, кәсіби мереке Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтаймын! Мемлекеттік қызмет – мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдарда мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған жетекші рөл атқаратын, мемлекет саясатын жүргізетін маңызды тетіктерінің бірі.
Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер болып табылады.
Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Шын жүректен зор денсаулық, бейбітшілік, отбаслыарыңызға амандық, қызмет жолында абыройлы болуларыңызға тілектеспін.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Диана Қанат