Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

ЖАС САРБАЗДАРДЫҢ АНТ ҚАБЫЛДАУ РӘСІМІ ӨТТІ

15 сәуір күні  Алатау қаласының 53975 әскери бөлімінде Ұлттық ұланның ант қабылдау рәсімі өткізілді. Алматы, Астана және Қонаев қаласынан шақырылған 90 сарбаз саптық қатарға 1 ай бұрын қосылған.
Әскери ант – ер азаматтың  Отан алдында, халық алдында ел үшін адал қызмет етуге берген уәдесі.  Бұл шара сарбаздың бойында ұлттық рухты оятып, елінің ертеңін елейтін жастарды патриоттық сезімге жетелейтін салтанатты рәсім.

Салтанатты жиын еліміздің Әнұранымен ашылды. Жас жауынгер сынынан өткен сарбаздар Отанға адал болуға, қалтқысыз қызмет етуге салтанатты түрде серт берді. Ант қабылдау рәсімінде 53975 әскери бөлімінің командирі полковник Байдуллаев Нұрлан Қошқарұлы жас сарбаздарды әскери сапқа қосылғанымен құттықтап, сөз сөйледі: «Бүгін біздің әскери бөлімнің жас сарбаздары жауапкершілікті істің бастамасында тұр. Әскери ант ер азамат өмірінде бір рет қана қабылданады. Жас сарбаз еліне қалтықсыз қызмет етуге серт беріп, тікелей әскери міндетіне көшеді. Көз алдымдағы жас сарбаздар елінің нағыз қорғаушысы болып,  жүктелген абыройлы міндеттерін атқарып, отбасыларына аман- есен оралады деген сенімдеміз.»
Шара барысында қаз-қатар тізілген 90-нан аса сарбаз саптық алаңда салтанатты маршпен жүріп өтті.
Балаларын көруге ынтыққан жақындары саптық алаңда адымдаған балаларына қолын бұлғап, көздерінен қуаныш пен сағыныштың ыстық жасы байқалды.

Немересін көруге арнайы Шымкент шаһарынан ат терлетіп келген Жанат Тәжіденова баласын сағынып келгенін айтты: «Немере балдан тәтті демекші, бұл тұңғыш немерем маған баламнан да ыстық. Оның кеткеніне бір ай болды, осы уақыт аралығында немереммен әлі сөйлескенім жоқ.  Енді ғана жүзін көруге ынтық болып отырмыз. Отанына адал қызмет етіп, ел ертеңін ойлайтын ер азамат болып, қара шаңырағымызға аман-есен оралсын деген тілектеміз.

Келгеніне 20 күн болған қатардағы жауынгер Архат Нұрболатұлы әскер жайлы өз пікірімен бөлісті: «Мен әскер табалдырығын еркін түрде аттадым. Әскери өмірдің ішкі және сыртқы тәртібі темірдей. Ешқандай әлімжеттік әрекеттері жоқ» — дей отырып, өз қатарластарын жас сарбаздар тізбегіне қосылуға шақырып: «Әскерге баруға тартынып жүрген азаматтарға айтарым, Отан алдында борышымызды абыроймен атқарып, елімізге адал қызмет етуге әрекет етейік» — деді.
Шара соңында әскери бөлім сарбаздарының атынан дайындалған арнайы көрініс тамашаланып, саптық алаңнан жауынгерлік ту шығарылды.

Келесі кезек балаларын құшағына қысуға асыққан ата-аналары мен жас сарбаздардың қауышу сәтіне берілді.
Айта өтелік,  әскерге шақырылған сарбаз ант қабылдағаннан кейін  аптасына бір рет демалысқа шығуға құқылы. Егер сарбаз тарапынан қандай да бір тәртіптік теріс қылық жасалса, оны демалысқа шығу құқығынан айыруы мүмкін.

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button