Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

«ЖАС ПОЛИЦИЯ» ТҮЛЕКТЕРІ ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Алматы облысында «Жас полиция» әскери-патриоттық сынып оқушыларының алғашқы түлектері білім ордасынан түлеп ұшты. Өтеген батыр ауылының №7 орта мектебінде өткен салтанатты іс-шараға облыстық ПД бастығының орынбасары полиция полковнигіАрман Тіленчин, аудандық бөлімше басшылығы, полиция генерал-майоры Мұрат Үрімханов және ішкі істер органдарының құрметті ардагерлері қатысты.
Облыс мектептеріндегі әскери-патриоттық бағыттағы сыныптары бірнеше жыл бұрын облыстық білім басқармасы, полиция және оқу орындары дирекциясының қатысуымен құрылды. Алғашқы әскери-патриоттық бағыттағы арнайы сынып 2016 жылы Іле ауданының №7 орта мектебінде ашылған.
Әскери-патриоттық сыныптарының оқушылары үшін арнайы киім-кешек тігіліп, стандартты мектеп пәндерінен бөлек, «Заңтану», «Дене шынықтыру» және алғашқы медициналық көмек көрсету бағыттары бойынша мамандандырылған оқу бағдарламасы жасақталды. Әскери-патриоттық сыныпың тәрбиеленушілері саптық дайындықтан тыңғылықты өткен, атыс қаруын жақсы білетін және әлеуметтік сипаттағы кәсіби іс-шараларға белсенді қатысатын азаматтар. Кадет сыныптарын құру идеясының мақсаты –  жастардың бойында патриотизмді оятуға, ата заңды құрметтеуге және балаларды болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуге тәрбиелеу.

Салтанатты шараны мектеп директоры Толегенова Жамиля Казакбаевна ашып,
бітіруші түлектерге сәт сапар тіледі.  Ал Облыстық ПД бастығының орынбасары Арман Тіленчин кадеттердің өз қатарластарына үлгі боларын алға тартты: «Кадеттердің өз қатарластарына үлгі болатынына сенімдімін. Олар табандылық, тәртіп пен еңбекқорлықтың оқуда да, болашақ мамандықта да жетістікке жету үшін қажетті қасиет екенін дәлелдей білді. Әскери-патриоттық сынып түлектерінің көпшілігі ҚР ІІМ жоғары оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр. Біз балалардың қабылдаған шешімдері мен жеткен жетістіктерімен мақтанамыз».

Өз кезегінде, бұрын облыстық полиция департаментін басқарған және өңірдегі әскери-патриот қозғалысын қостаған генерал-майор Мұрат Үрімханов жас ұрпақтың бойында патриотизм сезімін қалыптастырудың маңыздылығы мен түлектерді даярлаудың жоғары деңгейін және олардың туған еліне қызмет етуге даярлығын атап өтті.
Шара соңында «Жас полиция» сыныбы қарлығаштарына аттестат табысталып, келген қонақтарға естелік сыйлықтар табысталды. Түлектер салтанатты түрде заңды сақтауға және өз Отанына қызмет етуге ант беріп, оқу барысында қолдау көрсеткен тұлғаларға алғыстарын білдірді.
Арман Тіленчин атап өткендей, бітіруші түлектердің ішінде әскери мамандықты таңдап, Тәуелсіз ел тыныштығын күзетіп, өмірін Отан қорғау ісіне арнауға бел буып отырғандар қатары аз емес. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, болашақ Отан қорғаушы азаматтарға таңдаған жолдарында тек сәттілік тілейміз.

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button