Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыМерекелер

АСТАНА – АЛТЫ АЛАШТЫҢ ЖҮРЕГІСІҢ

Құрметті Іле ауданының тұрғындары!

Сіздерді еліміздің жүрегі, Ұлы Отанымыздың темірқазығына айналған, тәуелсіздіктің тірегі деп танылған «Астана күнімен» шын жүректен құттықтаймын. Егер біз бабаларымыздың қанымен келген тәтті сыйымыз тәуелсіздікті ұлы жетістігіміз деп есептесек, Елордамыз – соның ең асқақ жемісі. Ол – қазақ деген абыройлы елдің атағын асқақтата түскен биік қамал, тәуелсіздіктің символы. Ол – Отанымыздың жүрегі, бейбіт елдің баға жетпес байлығы. Шілде айының 6-жұлдызы – Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласының күні. Жалпы, Астана күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Бұлай дейтін себебіміз, Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та, дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Танымдық тұрғыдан сөз ететін болсақ, Елордамызды Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайттық, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырттық. Тамыры сан мыңдаған жылдардан сыр шертетін туған тарихымызды білдік, төл мәдениетімізді таныдық, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің қайнар бұлағын қайта аштық. Тәрбиелік тұрғысы жайлы толғасақ, Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы біз еліміздің келешегі  жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, қанына патриоттық сезімдерді сіңірудеміз. Осылардың барлығы бір арнаға тоғыса келе, ұлтты ұйыстыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет етіп жатыр.

Іле ауданында Астана күні мерекесі жыл сайын өз деңгейінде тойланып келеді. Мемлекеттік мекемелерде осы атаулы күнге байланысты мәдени шаралар мен мереке қарсаңында игілікті істер атқарылуда.

Астананың қазіргі күн санап биіктей түскен еңсесінен тәуелсіздігіміздің тегеурінін, еліміздің елдік қасиетін, жасампаздықтың жаңғырығын айқын байқауға болады. Ерке Есілдің жағасында жаңаша сәулеттік нақышпен бой түзеген әсем қаланың сұлу бейнесі алыстан көз тартып, көңіл баурайды. Сондықтан, оның ертеңіне де барлық қазақстандықтар үлкен үмітпен қарап, бүкіл әлем қызыға көз тігуде. Қазірдің өзінде көптеген саяси және экономикалық маңызды оқиғалардың орталығына айналып отырған оның ертеңгі болашағының да зор болары күмәнсіз.

Астана күні құтты болсын! Еліміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы болсын. Ұлы Отанымыз – Қазақстанымыз әлемнің озық елдерінің қатарынан көрініп, Астанамыздың айбыны асқақтай берсін.

 

Бағдат ҚАРАСАЕВ,

Іле ауданының әкімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button