Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЗнай нашихҚоғам

ЗЕЙНЕТ АЛДЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ

Өрт сөндіру қызметі тарихында қызмет өкілдері көптеген қызықты және мағыналы дәстүрлерді қалыптастырды. Солардың бірі – еңбек сіңірген қызметкерлерді зейнетке шығару рәсімі. 2024 жылғы 19 шілде күні Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы №8 ӨСБ бөлімше командирі азаматтық қорғау прапорщигі Сембаев Тоқтарбек Балтабайұлын зейнетке шығарып салу рәсімі өткізілді.

Әрбір өрт сөндірушінің артында 15 жылдан астам сіңірген еңбегі мен жүздеген сөндірілген өрттері бар. Оларға еңбек жолынан өтуге табандылық, кәсібилік, кез-келген тапсырманы жеңе білу көмектесті. Осы жылдар бойы олармен иық тіресіп қызмет атқарғандар бұған сенімді екені сөзсіз.

Тоқтарбек Балтабайұлы 1979 жылы ШҚО, Аягөз ауданы, Сарыарқа ауылында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 2007 жылдан бері қызмет атқарып, ол 14 жылға жуық  өз өмірін осы өрт сөндіру қызметіне арнап, әріптестерімен бірге бірнеше жанды тілсіз жаудан арашалап қалды. Ол өзінің алғашқы еңбек жолын дәл осы өзі зейнетке шыққан өрт сөндіру бөлімінен бастаған. Қызмет атқарған жылдары ол өзін әрдайым өз ісінің нағыз үздік маманы ретінде көрсетті. Ол үшін өрттерді сөндіру, адамдарды құтқару маңызды міндет болып қала бермек. Сондай-ақ жұмыс барысында бірнеше жас мамандарға үлгілі тәлімгер болды. Ол қызмет барысында әр түрлі сипаттағы көптеген ірі әрі ауқымды өрттер мен ТЖ-ды жоюға қатысқан. Оның басынан небір ауыр күндер өтті. Екінші, үшінші дәрежелі өрттерде қайсарлықпен көзге түсіп, авариялық құтқару жұмыстарына қатысты. Бүгінде Тоқтарбек Балтабайұлы ұйыған отбасының отағасы, алты бала тәрбиелеп отырған ұлағатты әке.

Дәстүр бойынша, өрт сөндіруші өзінің үстінен өрттің иісін жуу арқылы ғана зейнетке шыға алады. Су ағынының астында, сиреналардың дауысының астында тұрып, әріптестерінің қошеметіне бөленген Тоқтарбек Балтабайұлы жауынгерлік шығуын, еңбек еткен күндерін, адал жолдастарын еске алып, құрметті өрт сөндіруші қызметіндегі өмір сүрген әрбір күні үшін тағдырға ойша алғыс айтқан шығар. Әріптестері, ізгі тілектерін арнап, естелік сыйлықтар табыс етілді. Өзі еңбек атқарған жылдар ішінде түрлі сипаттағы марапаттарға ие болған. Айта кететін болсақ: III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін, «Өрттен қорғау қызметіне 100 жыл» толуына орай медаль және кәсіби мереке күніне орай облыс, аудан, ауыл басшылығынан алғыс хаттарды иеленді. Іле ауданы ТЖБ бастығы, азаматтық қорғау майоры А.А. Ахметкалиев салтанатты жиында сөз сөйлеп, алғыс хатпен марапаттады. Әріптестері, «Алматы облысы Төтенше Жағдайлар Департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі Іле ауданы Өтеген батыр ауылы №8 Өрт сөндіру бөлімінің ұжымы Тоқтарбек Балтабайұлының азаматтық қорғау органдарында көрсеткен қайтпас қайсарлығы мен батылдығын ерліктің ерен үлгісі деп біледі. Тоқтарбек Балтабайұлы өз ісінің нағыз маманы ретінде жаңадан жұмысқа қабылданған көптеген қызметкерлерге тәлімгер болып, өз жұмысының қыр-сырын үйрете білген. Қазіргі таңда тәрбиелеген шәкірттері жедел кезекші, бөлім бастығы секілді беделді лауазымдарда қызмет атқарады.

Өзгелердің өмірі үшін ажалмен бетпе-бет күресетін маманды зейнетке шығарып салу салтанатына Іле ауданының ТЖБ мен №8 ӨСБ-нің барлық қызметкерлері қатысты. Әріптестері өз тараптарынан ерлік істері жастарға өнеге боларлық Тоқтарбек секілді азаматқа бейнеттің зейнетін, отбасына бақыт, береке тілеп, ақ тілектерін жаудырды. Т. Сембаев өзімен бірге жұмыс атқарған өрт сөндіру бөлімінің ұжымына, осындай шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған жауынгер жолдастарына ризашылық пейілмен алғысын білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button