Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратБілім және ғылымБоралдай кентіДін және қоғам

БОРАЛДАЙДА 110 ОҚУШЫ «ИМАНДЫЛЫҚ ӘЛІППЕСІН» ТӘМАМДАДЫ

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының  бастамасымен мектеп оқушыларының жазғы демалыс күндері дәстүрлі «Имани жаз – 2024» діни сауат ашу курсын биыл Боралдай кентінде 50 ұл бала және 60 қыз бала тәмамдады.

Бала тәрбиесінде имандылыққа баулудың алар орны зор. Ислам дінінде баланың алдында тұрған өмірлік белестер – оның азамат боп қалыптасу жолындағы түрлі сынақтар ретінде қарастырылады. Сол себепті сынақтан сүрінбей өту үшін балаға өмірде жақсы-жаманның, обал-сауаптың не екенін, қалай жақсы адам болудың жолдарын үйрету, имани және ұлттық тәрбие беру – ата-анаға және ұстаздарға міндеттелген іс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер әр жылы жергілікті жамағаттың бүлдіршіндеріне арналған діни сауат ашу курстарын тұрақты өткізуде. Мұнда балалар тек діни сауат ашумен ғана емес,  сондай-ақ әдеп сабақтарын, салтымызға сіңген сүннеттер мен ғұрпымызға айналған мұсылмандық дәстүрлерімізді бойына сіңіреді.

Жазғы сауат ашу курсында «Құран әліппесі», «Құранды ережесімен оқып үйрену», «Алланың 99 есімін жаттау», «Мұсылмандық әдептер», «Көркем мінезге тәрбиелеу», «Тазалыққа үйрету», «Алаштың имандылық өсиеттері» және тағы басқа  оқу мен тәрбие сағаттары өткізілді. Төрт апта уақыт ішінде шәкірттер Құран әріптері мен қысқа сүрелерін жаттап үлгірсе, ал үздіктері Құранды ережесіне сай етіп сауатты оқу деңгейіне дейін жетті.

Шығарылым шарасына дәріс алған оқушылардың ата-аналары шақырылып, балаларының жақсы тәрбиесіне Бас имам алғысын білдіріп, батасын берді. Дәріс пен тәрбие сағаттарын жүргізген «Арын қажы» мешітінің ұстаздары – Хусниддин қари Әкбарұлы және қыз балалардың ұстазы – Айсұлу Амангелдіқызына ата-аналар мен мешіт жамағаты ризашылықтарын білдірді. Бір айлық курсты тәмамдаған шәкірттер шығарылым шарасында ата-аналарының алдында өз жетістіктерін паш етті. Қасиетті Құраннан айаттарды сауатты оқып, Алаш азаматтарының жастарға арнаған толғаулары мен жырларынан үзінділер оқыды. Шәкірт қыздарымыз хазрет Омардың иманға келу кезеңін сахналық қойылыммен қонақтарға көрсете білді. Екі қызын бірдей Құран оқу курстарына берген Нұрлыбек ағамыз қыз-балаларға сәттілік тілеп, разылығын білдірсе, Гүлжаһан қажы апамыз бен көп балалы Гүлжазира анамыз қыздарға өсиеттерін айтып, ибалылықтың имандылықта, сыпайылықтың тақуалықта жатқанын тілге тиек етті. Іле аудандық «Өтеген батыр» мешітінің ұстазы Мәриям Айтбайқызы дайындық курсынан өткен шәкірттерге оң баға беріп, білім алған шәкіртерді мақтау қағаздарымен және түрлі сыйлықтармен марапаттады. Шара соңында «Арын қажы» мешітінің наиб имамы Мұрат Төлегенұлы Құран айаттарын оқып, балаларға тілек батасын берді.

Аулымыздың аузы дуалы ақсақалы Жанат қажы атамыз батасын беріп, жас буын балаларға оқуда сәттілік тіледі. Ақ жаулықты Мархаба апамыз қыз балаларға қазақ қыздарының бойындағы қасиеттеріне жеке тоқталып,  тарихи негізде дәлелдерін келтірді. Сөз соңында балаларға тағылым болар өлең шумақтарын оқыды.

Осындай балалар үшін айтулы күнде мешіт жанынан оларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылып, аулаға батут орнатылды. Апталаған ыстықта бүлдіршіндердің сүйікті тағамына айналған балмұздақ оларға тегін таратылды.

Халқымызды Жаратқан Жаппар өнері болар тілімен, өзегі болар дінімен сақтасын!

«Арын қажы»

 мешітінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button