БОКС – ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНДА БАР СПОРТ
Олимп ойындарында шоқтығы биік, жанкүйері де көп спорт – бокс. Спортымыз даму үшін оның ішінде осы былғары қолғап шеберлерін шыңдауда, ел абыройын көтеру жолында Қазақстан бокс федерациясы көп жұмыс жасап жатқанын айтқан жөн. Шикі тұстары да бар. Бірақ ондай олқылық кімде жоқ дейсіз?! Қазіргі біздің бокстың әсіресе аудан, ауылдық деңгейдегі әуесқой бокстың хал-ахуалы жайлы Іле ауданы, А. Тоқпанов ауылының тумасы, бокс жаттықтырушысы Дархан Қабыланбаевпен әңгімелескен едік.
– Дархан аға, бокс спорты туралы айтып берсеңіз?
– Бокс ол нағыз қазақтың спорты десек, артық айтпаспыз. Кезінде ат үстінде қоян-қолтық шайқаста ата-бабаларымыз талай жауларға тойтарыс берген. Боксқа анықтама берер болсақ, Бокс – арнайы жұмсақ қолғаппен белгілі бір ереже бойынша жекпе-жек күш сынасатын спорт түрі. Аталған жекпе-жек түрі отандық көрнекті спортшылардың арқасында пайдаланушылардың арасында ерекше жоғары орын алады. Оған дәлел Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өз ісінің білілкті де білекті шеберлерінің бірі саналатын Геннадий Головкиннің жеңіп алған белбеулері мен әлемдік аренадағы кездесулері қандай иә?! Әли Ахмедов, Жәнібек «Қазақ стайл» Әлімханұлы, Жанқош Тұраров, тізе берсек көп қой, арасында темір жұдырықты қыздарымыз да, жас боксшылар да әлемдік бокс тұғырына тез көтеріліп келеді.
Қазіргі уақытта бокспен қатар кең танылып келе жатқан жаңа спорт түрі, халық арасында ережесіз жекпе-жек деп аталып кеткен ММА. Десек те бізге ММА-дан гөрі бокс спорты әлдеқайда жақынырақ.
– Осы саланың артық және кем тұстарын атап айтсаңыз?
– Негізінен спорт денсаулықты нығайтуға, шымыр болуға көмектеседі. Тек физиалогиялық тұрғыдан ғана емес, ментальді денсаулыққа да оң әсер етеді. Алайда, таяқтың екі ұшы болады дегендей, спортпен кәсіби түрде айналысуға бет бұрсаң, түрлі деңгейде жарақат алуға, психологиялық түрғыдан мықты болуға дайын болу қажет. Бұл үлкен сайыс алаңы болғандықтан жеңіліс те, жеңіс те қатар жүреді. Өзіңнен білікті спортшымен бақталасып, салдарынан жарақат алуың да ғажап емес. Сол себепті спорт жолына түсуге бекінген болсаңыз, кез келген салдарына дайын болу шарт.
– Еліміздегі бокс спортының ахуалы қандай?
– Елімізде бокс спорты жақсы дамыған еді. Алайда, осы екі олимпиада циклінде бәсеңдеді. Жалпы, бұл әр қазақтың қанында бар спорт түрі.
– Қазір боксқа қызығушы жастар саны салыстырмалы түрде көбейген бе, әлде азайған ба?
– Әрине, түрлі жастағы жастардың қызығушылық танытулары күн санап артуда.Әр чемпион шыққан сайын аталған спорт түрімен айналысуға көп бала жаттығуға келеді.
– Аудан бойынша бокс үйірмелері бар ма және қандай деңгейде дамыған?
– Аудан бойынша бұл спорт түрі тыңғылықты деңгейде дамыған. Қазіргі таңда Іле ауданында қыздар арасында аса ауыр салмақта Азия чемпионы Талипова Елдана және Азамат Кенже Азия чемпионы Ю 22, Исаева Шахназ Азия чемпионы Ю22 – бәрі осы Іле ауданының тұрғындары.
– Өз тәжірибеңізде неше баланы баптадыңыз және күні бүгінге дейін жүлделі жетістіктерге жеткен спортшыларыңыз болса, атап өтсеңіз?
– Өз тәжірибемде менің шәкірттерім Бразилияда өткен бүкіл әлемдік гимназияда чемпион болды. Одан бөлек, Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Елорда кубогінің чемпионы – Талипова Елдана да менің шәкіртім. Бапкерлерімнің қай-қайсы болсын қолынан келгенше артылған жауапкершілікті абыроймен атқаруға талпынады. Мен өз шәкірттеріммен мақтанамын.
– Мемлекет тарапынан бокс әлеуетін көтеру үшін қандай жобалар, жоспарлар атқарылу қажет деп ойлайсыз?
– Мемлекет тарапы спорт мектептерін қаржыландыру жұмыстарын жақсы атқарып келеді. Бір әттегенайым, біз секілді тәжірибесі бар бапкерлерді жұмысқа алмай отыр.
– Соңында айтар тілек, ұсынысыңыз болса жолдасаңыз.
– Еліміз спорт саласында әлемдік аренада өзінің орнын ойып тұрып алуына тілектеспін. Көк туымызды шартарапта желбіретер талантты да талапты спортшыларымыз көбейе берсін. Әр саланы тек өз білікті мамандары жайласын.
Диана ҚАНАТ