«БОРАН» ЖАСАҚТАРЫ МЕН ӘУЕ ҚЫРАНДАРЫ ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Ағымдағы жылдың 19 жұлдызында Алматы облысы, Боралдай кенті ҚР ҰҚК Авиация қызметі Авиациялық басқармасының және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Арнаулы мақсаттағы басқармасының ұйымдастырылуымен 10 және 11 сынып оқушылары үшін ерекше экскурсия өтті. Бұл шараға №17 ОМ, №54 ОМ, №15 ОМ, №40 ОМ, №39 мектеп-гимназиясынана 60 жасөспірім қатысы. Экскурсияның мақсаты – жастарды әскери авиациямен таныстыру, олардың Отан қорғаудағы маңыздылығын көрсету және оқушылардың патриоттық сезімдерін күшейту болды.
Кездесу барысында оқушыларға әуе техникасының жұмыс істеу принциптері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Әскери бөлімнің мамандары ұшқыш, лейтенант Сапаров Бекзат, аға лейтенант Иванов Николай оқушыларға ұшақтар мен тікұшақтардың құрылымдық ерекшеліктерін көрсетіп, олардың әртүрлі тапсырмаларды орындаудағы рөлін сипаттады. Экскурсияға қатасушылар Әскери әуе техникасын қолданудың нақты жағдайлары мен оны басқарудағы шеберліктер туралы да маңызды мәліметтер берілді.
«Бүгінгі іс шара маған ерекше әсер қалдырды. Болашақта біз сияқты жасөспірімдердің әскери мамандықтарды таңдауына, қызығушылықтарын арттыруға үлкен ықпалын тигізеді деп есептеймін. Саптық түзелуді толық түсіндім, әскери ұшақтар жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген және көптеген құрал-жабдықтармен танысу біз үшін ерекше әсер қалдырды», — дейді №54 ОМ 10 сынып оқушысы Сатыбалды Ғали.
Құдайберген Мансұр: «Экскурсия жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Лейтенант ағаларымыз әскери ұшақ түрлерімен кеңінен таныстыруда. Шараға келгенгіме өте қуаныштымын. Жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті жоғарылатып, патриоттық сезімді оятады. Мектеп бітірген соң ҰҚК-нің әскери қызметшісі болғым келеді, оқуға түсу ойымда бар. Экскурсия мен үшін үлкен әсер қалдырды. Осы шараны ұйымдастырушылар мен жетекшіміз 39 мектеп-гимназиясының алғашқы әскери даярлық және технология пәнінің оқытушы-ұйымдастырушы Батталов Нұрлан Сыдыковичке алғысымыз шексіз».
Экскурсияға қатысушылар әскери бөлімде кеңінен қолданылатын Ми-8 және Ми-171Ш тікұшақтарымен, Ан-26, Ан-74 ұшақтарымен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды. Әскери мамандар бұл тікұшақтардың техникалық сипаттамалары, олардың ұшу ерекшеліктері және түрлі әскери-стратегиялық операциялардағы рөлі туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.
Ми-8 тікұшағы – көп мақсатты әскери техника, ол жүк тасымалдау, құтқару операциялары және десанттық тапсырмаларда қолданылады. Ми-171Ш моделі оның жетілдірілген нұсқасы болып табылады. Заманауи жабдықтармен қамтылған және жоғары тиімділікке ие. Оқушылар бұл әуе кемелерін жақыннан көріп, олардың күрделі басқару жүйелері мен ұшу дайындығы туралы көп мағлұмат алды.
«Бүгінгі таңда Боралдай кентінің 6 мектебінен оқушыларды жинап әуе базасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Оқушылар осындағы ұшақтар, тікұшақтар, техникалармен танысып, жаңа әсер алды. Біздегі мақсат – болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеу, болашақ мамандықтарын таңдауға үлесімізді қосу, әскер қатарында қызмет етуге, сарбаз болуға деген сезімдерін ояту. Болашақ – жастардың қолында. Біз оларға сенеміз! Шара ұйымдастырушыларына осындай мүмкіндік үшін үлкен рақмет!», — дейді өз сөзінде №54 ОМ әскери жетекшісі Ашимханов Сейлхан Батырханович.
Экскурсия аясында оқушыларға әскери мамандықтардың ерекшеліктері мен әуе күштерінің еліміздің қорғаныс қабілетіне қосатын үлесі туралы айтылды. Әскери бөлімнің ұшқыштары өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, оқушылардың көкейлеріндегі сұрақтарға жауап берді.
Бұл шара оқушыларға жаңа білім мен әсер қалдырып, болашақта олардың әскери мамандыққа қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Экскурсия жасөспірімдердің патриоттық тәрбиесін нығайтып, еліміздің қауіпсіздігін қорғау жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Д. Исламов,
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің арнаулы мақсаттағы басқармасының әскери қызметшісі