Дамушы елдерден қалыс қалмайық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында атом электр станциясына қатысты сөз қозғады. Атом электр станциясын салу елңіміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологиялық мәселелерді шешу тұрғысынан аса маңызды саналады. Президенттің бұл тақырыпты ерекше атап өтуінің себебі, қазіргі таңда ел өңірлерінде электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуда. Жалпы еліміз бойынша электр энергиясының тапшылығы 1,3 ГВт құрап отыр. Бұл көрсеткіш жыл санап артпаса кемімесі анық. Электр энергиясының жетіспеушілігі бізде ғана емес, әлем елдерінде де туындап отыр. Алайда олар бұл мәселенің алдын алу шараларын осы атом электр станциясын салу мәселесімен шешіп отыр. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Президенттің атом электр стансасын салуға қатысты байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы түртіп отыруы, әлем елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып айтылған болжам болса керек. Себебі әлемнің көптеген елдері атом энергиясын қолдану арқылы өздерінің энергияға деген қажеттіліктерін қанағаттандырып, экологиялық таза энергия көздеріне көшу үрдісін бастан өткеруде. Еліміз де дамушы елдерден қалыс қалмай, бұл үдеріске байыппен қадам басуы қажет деп есептеймін. Сол себепті Мемлекет басшысының АЭС салу мәселесіне қатысты айтқан жолдауына келісемін. Бұл тұста мәселе АЭС-тің салынуына емес, оны кім саларына келіп тірелуі мүмкін. Сапалы да, жүйелі жасалған жұмыс кімнің де болса, қолдауына ілігері анық.