Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысы

ЖЕЛТОҚСАН БАТЫРЛАРЫНЫҢ ҰРПАҚҚА ДЕГЕН СЕНІМІ МОЛ

«Қайсар жүрек» қоғамдық қоры Алматы қаласы әкімдігінің «Тәуелсіздік –Тұғырым» атты әлеуметтік жобасын жеңіп алды.Сол жобаның аясында көптеген іс-шараларды қолға алып, қаланың әр аудандарымен тікелей байланысып жұмыстарын бастап кетті.

Сонау 1986 жылдың 17-18 желтоқсан күндері өрімдей жас толқын өз талаптарын қойып Брежнов алаңына бейбіт шеруге шығып, дүние жүзін дүр сілкіндірген еді. Желтоқсаннан кейін небір қиындықтарға тап болып, құйтырқы әрекеттермен қуғын- сүргінге ұшыраған сол кездегі жастар  бүгінде ардагерлер.

Басты мақсат – тәрбиелік мәні зор іс-шаралар, түрлі кездесулер өткізіп жас ұрпақтарымыздың бойына патриоттық мінез қалыптастыру.

Біз олардың ұлтжанды, қазақи, елін-жерін сүйетін адал ұрпақ болғанын қалаймыз. Сондықтан, біз, яғни желтоқсандықтар, талмай, қажымай жастарымызбен жиі- жиі  кездесулер өткізіп тұрамыз.

Бүгінде сол іс-шараларды ұйымдастырып, әр түрлі форматта өткізіп жүрген Алматы қаласындағы «Қайсар жүрек» қоғамдық қорының мүшелері қыркүйек айының 24-жұлдызында Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының «Тәуелсіздік – Тұғырым» жобасы аясында «Желтоқсан – 86» саябағындағы мұражайда мектеп оқушыларымен флешмоб кездесуін өткізді.

Бұған дейін де бірнеше жоғарғы оқу орындарында болып колледж, мектеп оқушыларымен кең көлемде ауқымды іс-шаралар өткізген еді.

Қыркүйектің 29-жұлдызында тағы бір үлкен іс-шараның куәсі болдық. Түрксіб ауданының «Желтоқсан – 86» саябағындағы мұражайда желтоқсан көтерілісінің ардагерлері мектеп оқушыларымен кездесіп, ашық аспан астындағы мұражаймен танысып, алған әсерлерімен бөлісті.

Саябақтағы естелік-жәдігерлер 86-жылдың желтоқсан айының ызғарлы күндерін еске түсіріп, келушілердің жүректерін тебірентті. Іс-шара Алматы қаласындағы желтоқсаншылар ұйымының басшысы Гүлбахырам Ақжүніс тағы басқа да әр ұйымның желтоқсаншыларының қатысуымен қызықты өтті. Облысымыздың әр ауданынан да, атап айтсақ Қонаев қаласынан желтоқсан ардагерлері келіп, кездесудің соңында өз бастарынан өткен ауыр күндерді еске алып, қысқаша баяндаған кезде жүрегіміз толқып, жанарымызға еріксіз жас келді. Желтоқсаншылар: Боқанбаев Айтқали, Теміршаев Алтынбек, Ашірбекова Ләззат тәрбиелік мәні зор жүрекжарды тілектерін айтып жастардың пікірлерін тыңдады.Мен өз шығармашылығынан «Мен қазақпын», «Рухы биік қазақпыз», «Қазақ батырлары»,  «Желбіре көкте көк туым» деген патриоттық жалынды өлеңдерімді оқығанда жастардың рухы бір көтеріліп қалғандай болды.

Әр іс-шара еліміздің гимнімен басталып, «Атамекен», «Желтоқсан желі» сияқты рухты әндермен аяқталды.

Бұл іс-шарадан Іле ауданының батырлары да қалыс қалған жоқ.

Кездесудің қызықты өтуіне өз үлестерін қосты. Саябаққа келушілер көк туымызды көкке көтеріп бірігіп ән шырқады. Ұстаздар мен оқушылар ерекше сезімге бөленді. Жасөспірімдердің жүздерінен Отанға деген сүйіспеншілігі байқалып тұрды. Іс-шараға келушілер желтоқсан батырларына өз ризашылықтарын білдірді.

Әр апта сайын, кейде күнделікті өткізілетін іс шаралар жоспарлы түрде өз жалғасын тауып тартымды өтуде. Желтоқсаншылар минитурге жанұяларымен қатысты. Демалыс күндерін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, минитурдің он түрлі ойындарына қатысып, жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Дипломдармен қоса түрлі сыйлықтар алып марапатталды. Кішкене бүлдіршіндеріміздің өздері бормен асфальтқа сурет салып, ән айтып, өлең оқып, би билеп өздерінің өнерлерін көрсетті. Іс-шара түрлі ойындармен жалғасын тапты. Жүгіруден, асық ату, арқан тарту, қол күрес, тағы басқа спорттық түрлі ұлттық ойындар ойналып көзге түскендер жеңімпаз атанып алғыс хаттар мен сыйлықтарға ие болды.

Әйелдер арасындағы жаяу жарыста мен топты жарып, алдыңғы қатарға шығып, бірінші орынды жеңіп алдым.

Осы ауқымды іс-шараны ұйымдастырушы «Қайсар жүрек» қоғамдық қорының төрайымы Ергебаева Шара Бөлегенқызының ерен еңбегіне тоқтала кетсек, ұйымдастыру қабілетіне еріксіз тәнті боласың. Күні-түні өзінің жеке жоспарындағы әр кездесу ойдағыдай өтсе екен деп тілеп жарғақ басы жастыққа тимей шапқылап жүрген Шара Бөлегенқызына кездесуге келген қонақтар да шексіз алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Алда әлі көптеген іс шаралар өтетінінен келушілерді хабардар еткен Шара Бөлегенқызы жүрегі ұлтым деп соққан намысты қазақ бабаларымыздың ұрпақтары екенімізді атап айтты. «Біз – ел мен жерін білектің күшімен найзаның ұшымен қорғаған батыр бабалардың ұрпағымыз. Көк туымызда ұлтымыздың намысы бірге желбіреп тұрғанын ұрпағымыз сезініп, желтоқсанның шынайы тарихын ардагер-батырларымыздың өз аузынан естісе жастарға әсерлі болады. Біз желтоқсанның тарихын кейінгі ұрпаққа қалдыруымыз керек», — деді.

Ашық аспан астындағы саябақ бізге ерекше әсер қалдырды. Ауа райы да бізге деген жылы шуағын төгіп, жадырап, жарқырап тұрды. Желтоқсанда құрбан болған батыр  да батыл шейіттерімізге құран бағышталып, ас берілді. Мәре-сәре болып отырып дастархан басында түскі ас ішілді. Әркім өз ойын ортаға салып  пікірлерімен бөлісті. Кездесуге келгендер алған әсерлерінен арыла алмай «Қайсар жүрек» қоғамдық қорының Төрайымы Шара Бөлегенқызына алғыстарын айтып ақ баталарын беріп тарады.

Осындай басқосулар жалғасын таба берсе, нұр үстіне нұр болар еді деп жүректеріндегі шынайы сезімдерін білдірді.

Шара Бөлегенқызы да іс-шараға қатысқандарға өз тарапынан алғысын білдіріп, осындай іс-шаралардан, кездесулерден қалыс қалмай жүрулерінің  ұрпағымыз үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Сөз соңында айтарым, тәуелсіздігіміз ата-бабамыздың арманы болғанын, ел мен жерді аманат етіп қалдырғанын, біз сол аманатты арқалап жүрген ұрпақ екенімізді ұмытпауымыз керек!.

Тәуелсіздігіміз бен жеріміз  – көзіміздің қарашығы!.

Бүгінгі  Егеменді еліміздің бақытты ұрпақтары осыны естерінен шығармауы тиіс!.

 

Бағдат ҚАШҚЫНБЕКОВА,

желтоқсан көтерілісінің  ардагері, Іле ауданы

 желтоқсаншыларының төрайымы, патриот ақын

Басқа жаңалықтар

Back to top button