Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысы

МӘДЕНИЕТІ ЖАРАСҚАН МӘУЕЛІ ІЛЕ

Тарихы тереңнен сыр шертетін мәдениет ошағы Іле ауданында «Ауылым – алтын бесігім» атауымен аудандық мәдениет күні өтті. Байкент ауылының дәл ортасындағы Мәдениет үйінің кең ауласында ауданымыздың көркемөнерпаздары мен аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері үлкен концерт қоюмен бастады. Жалпы, Іле өңірі – Іле Алатауы мен Жетісу Алатауының түйіскен тұсындағы, Іле өзенінің екі қапталын бауырына басып жатқан құтты мекен. Бала кезімізден жадымызда сақталған салт-дәстүрлерді, әдет -ғұрыптарды, ұлттық өнердің бастауы ауылда екені бәрімізге мәлім. Осы мақсатта Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан «Ауылым – алтын бесігім» байқауының берері мол деп білеміз.

«Биылғы «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдениет байқауы шалғай елдімекендердегі мәдениет нысандарының жағдайын жақсарту, таланттыларды тану мақсатында өткізіліп отыр. Бұл байқау ауылдық елдімекендердегі мәдениет жұмысының тыныс-тіршілігіне үлкен серпіліс берді. Осы шара арқылы мәдени нысандардың безендіру жұмыстарына көңіл бөлініп, материалдық-техникалық базаларына баса назар аударылды. Қаншама өнер ұжымдары мен өнер иелері өздерін көрсете білді. Бұл шара алдағы уақытта дәстүрлі мереке болып жалғасын табады», — деді аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Көкенұлы.

Іс-шараның негізгі мақсаты – «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» дегендей, халық атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбелеу. Ата дәстүрін ардақтау – әкені, ананы, ата-бабаны құрметтеп, солардың алдында ұрпақтық қарыздарды өтеу, тәрбиелеу. Ата-бабамыздан қалған қазынаның бірі – жас ұрпақты тәуелсіз мемлекетімізді көркейту үшін салт-дәстүрімізді насихаттауға баулу, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауға тәрбиелеу. Ал, аталмыш шараның басты міндеті  – қазіргі кезде ұмыт қалған көне дәстүрлердің мағынасын ашу, қазақтың салт-дәстүрлерін зерттеу, балаларға қазақтың салт-дәстүрлерінің тәрбиелік маңызына тоқталу, тәуелсіз елімізде ата-бабаларымыздың қалдырған салт-дәстүрлерін қадірлеп, жоғалғанды жаңғыртып, болашақ ұрпаққа жеткізу. Қазақтың әр баласы «ҚАЗАҚ» деген атқа сай болу үшін еліміздің салт-дәстүрі мен ұлттық ойындарын ұмытпауы керек.

Мәдени шарада Мәдениет үйінің алдына аудандық кітапхана қызметкерлері кітап көрмелерін қойса, ауылдардан келген қолөнер шеберлері өз  қолдарынан шыққан шығармаларын жиналған жұртқа паш етті.

Жиналған жұртшылықтың көңілі көтеріңкі, шад-шадыман болып, рухани бір серпіліп, мәдени шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.

 

Б. ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button