Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысы

ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕР ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ БОЙЫНША ОҚЫТЫЛДЫ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «AMANAT» партиясының бастамасымен 5 ақпаннан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы бастау алды. Қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған оқу 6 ауданда өткізіліп жатыр. Бұл жоба азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруды және қарыздық тәуекелдерді азайтуды көздейді. Өңір тұрғындарын қаржылық сауаттылыққа үйрететін, табысты орынды жұмсауға жол көрсететін «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында тегін оқыту курстары жалғасын табуда. Жуырда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Арнаулы мақсат басқармасына қарасты 92 әскери қызметші «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылық курсын сәтті аяқтап, арнайы сертификаттарға ие болды. Қатысушылар курстан алған білімдерін күнделікті өмірде қолдану арқылы отбасылық қаржыларын тиімді басқара отырып, артық қарызданудан сақтануға мүмкіндік алады. Мұндай бастама әскери қызметшілердің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, олардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Оқытуды жобаның білікті тренері Айгүл ханым жүргізді. Сабақ барысында әскери қызметшілерге қаржы құралдарын дұрыс басқару, жеке бюджет пен шығындарды жоспарлау, несиелік тәуекелдерді бағалау және жинақтау мәдениетін қалыптастыру бойынша жан-жақты мәлімет берілді. Сонымен қатар, қаржы саласындағы алаяқтықтан сақтану және банк қызметтерін тиімді пайдалану жолдары қарастырылды.

Айта кету керек, «Қарызсыз қоғам» − халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлескен бастамасы. Аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер білімін жетілдіре алады.

«Қазіргі кезде көпшілік адам өздеріндегі шығынды несиемен өтеуге құмар. Сол себепті де көбінің шығыны кірісінен асып түседі. Тіпті кейде алған несиесінің қарызын екінші бір несие алып, жауып жататындар да аз емес. Қазір адамдар несиге көп мән бермей, «жеңіл ақша» ретінде қарайды. Соған байланысты елімізде өткен жылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылды. Жыл басынан бастау алған жоба Іле ауданы бойынша барлық округтерде оқытылып жатыр. Сарапшылар кіріс-шығысты есептей білуді, қаржыны ұтымды жоспарлауды үйретіп келеді. Шоттың бұғатталуынан бастап, берешекті қайта құрылымдау, коллекторлармен жұмыс секілді 20 бағытта ақыл-кеңес берілді. Әрбір Қазақстанның азаматын өз қаражатын тиімді әрі нақты мақсатта пайдалану, алған несиесін жүйемен пайдалануға бағыт беру аясында осы жоба іске асып отыр, – дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының өңірдегі жетекшісі, ментор Айгүл Жайлыбаева.

−  «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, ақшаны үнемдеу, несиені алғанда банктің келісімшарттарын қарау, ондағы тиімсіз жолдарды тексеру, басқалардан қарыз алмау, тағы басқа да қажетті мағлұматтар алдым. Қолымдағы қаражатты мақсатты жұмсауды, несиені қайтару процесін есептеп үйрендім. Бұл − мен үшін құнды ақпарат. Бұрын осындай курсқа қатысқым келгенімен, көп жерде ақылы болғандықтан қолым жетпей келді. Осындай жобаны жүзеге асырып жатқан азаматтарға алғысымыз мол», — дейді жоба аясында қаржылық сауаттылығын арттырған қатардағы жауынгер Ғабитұлы Мағжан.

«Қарызсыз қоғам» жобасы ел азаматтарын қаржылық тәуелсіздікке жетелеуді мақсат етеді. Әскери қызметшілердің курсқа белсенді қатысуы олардың өз қаржысын сауатты басқаруға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті.

 

Карима Мейрамбекқызы

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button