Алматы облысының жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпарат

Сатира мен провокацияның ара жігін ажыратайық

Бүгінгі күнгі әлеуметтік желілерде және қоғамда болып жатқан оқиғалар бәріміздің назарымызда. Бұл ретте Темірлан Енсебектің ісі, оның Qaznews24 парақшасындағы әрекеттері қоғамда үлкен пікірталас тудырды.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет, мұнда этносаралық татулық пен тұрақтылық мемлекеттің басты құндылығы болып табылады. Сондықтан да кез келген арандатушылық әрекеттерге, әсіресе ұлтқа, тілге немесе дінге қатысты, жол берілмеуі керек. Бұл ұстаным біздің бірлігімізді сақтаудың негізі.

Әрине, шығармашылық пен юмор – қоғамды ойландыратын, кейде оны өзгертуге ықпал ететін маңызды құрал. Бірақ шынайы сатира мен арсыз арандатушылықты ажырату қажет. Сатира адамдарды тәрбиелейді, қоғамдағы кемшіліктерді көрсете отырып, оны жақсартуға бағытталады. Ал ұлттық немесе діни сезімдерді кемсіту тек жік тудырады. Мұндай әрекеттердің еркін пікір білдіру ұғымымен байланысы жоқ екенін түсіну маңызды.

Темірлан Енсебектің жағдайына келетін болсақ, біз оның жастығын, тәжірибесіздігін және қоғам алдында жауапкершілікті дұрыс түсінбеуін ескере отырып, оған тек әкімшілік жаза тағайындалғаны дұрыс деп есептейміз. Оның болашағын ойлап, жазасын жеңілдету әділетті болар еді. Бірақ бұл жағдайдан барлық азаматтар сабақ алып, бірлік пен келісімді сақтаудың маңыздылығын түсінуі қажет.

Қазақ халқында «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген дана сөз бар. Біздің басты міндетіміз – елдегі тыныштық пен татулықты сақтау. Сондықтан әрбір әрекетіміз бен сөзімізге мұқият болайық. Ұлт ретінде бізді құрметтейтін, қоғамымызға үлгі боларлық құндылықтарды дәріптеуге шақырамыз.

Іле ауданының аналар кеңесінің төрайымы М.Жабиева

Басқа жаңалықтар

Back to top button