Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

Әзіл мен ар-намыс: Сөз бостандығының шегі

Құрметті қауым!

Меніңше, қазіргі қоғамда орын алып жатқан жағдайлар еліміздің бірлігі мен қоғамдық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Журналистердің немесе қоғам белсенділерінің өз пікірін ашық білдіру құқығын қорғау әрине маңызды, бірақ бұл құқықтар шындықты айтумен бірге, адамдардың ар-намысын қорламауға, ұлттар арасындағы араздықты қоздырмауға негізделуі керек.

Енсебек сияқты жағдайларда, егер оның әрекеті ұлт аралық араздықты қоздыруға бағытталған болса, онда заңнамаларымыз бойынша бұл әрекет заң бұзушылық ретінде қаралуы тиіс. Себебі, елімізде әрбір ұлттың теңдігі мен құрметі сақталуы керек, ал кез келген провокациялық әрекет қоғамға кері әсерін тигізіп, әлеуметтік тұрақтылықты бұзуы мүмкін. Сатираның өзі адамды күлдіру арқылы, қоғамдағы кемшіліктерді сынап көрсету үшін қолданылады, бірақ ол ешқашан ұлтты қорлауға, біреуді кемсітуге арналмаған. Әзіл мен сатираның ара-жігін ажыратып, тек қана қоғамға пайда әкелетін бағытта пайдалануымыз керек.

Еліміздегі этносаралық үйлесімділік пен бірлік біздің басты байлығымыз. Бұл құндылықтарды сақтау үшін барлық қоғам мүшелері, оның ішінде қоғамдық белсенділер мен журналистер де жауапты. Сондықтан меніңше, ұлтқа тіл тигізу немесе араздықты қоздыруды «сатира» немесе «сөз бостандығы» деп түсіну үлкен қателік. Қоғамдық келісім мен тұрақтылыққа қауіп төндірмейтін, мәдениетке сай әзіл ғана қабылдануы керек.

Қазақстанның көпұлтты қоғамында бірлік пен бейбітшілікті сақтау – біздің ортақ міндетіміз. Тек сол жағдайда ғана біз елімізді нығайтып, болашаққа сенімді қадамдармен аламыз.

Іле ауданының маслихат депутаты С. Жарқынбеков

Басқа жаңалықтар

Back to top button