МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ҚАШАН АЯҚТАЛМАҚ?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында өңірлердің дамуы мен тұрғындардың қажеттіліктерін басты назарда ұстауды тапсырған болатын. Осы міндетті орындау аясында 8 қаңтар күні Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Жанарбек Әшімжанов, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мақсат Толықбай мен Максим Рожин сондай-ақ әлеуметтік-мәдени даму комитетінің өкілдері Іле ауданына арнайы іс-сапармен келіп, жергілікті мәселелермен танысты. Іс-сапардың басты мақсаты – тұрғындармен, әкімдікпен және БАҚ өкілдерімен пікір алмаса отырып, өңірдегі өзекті сұрақтарды талқылау және оларды шешу жолдарын қарастыру.
Депутаттар ең әуелі Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында «Денсаулық сақтау ұйымдарындағы мәселелер және оны шешу жолдары» тақырыбы аясында қоғамдық тыңдау өткізіп, медициналық ғимараттың хал-ахуалымен кеңінен танысты. Аурухананың техникалық жабдықтарын тексеріп, қызметкерлермен кездесу өткізді. Басқосу барысында аурухана жұмысына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы соңғы жылдары аурухананың жүктемесі артқанын атап өтті.
Бұрын 7000 науқасқа қызмет көрсетуге қаржы бөлінсе, қазір жылына 10 000 адам қабылданады. Алайда қаржыландыру көлемі бұрынғы деңгейде қалып отыр, ал салық жүктемесі жыл сайын өсуде. Басқарма басшысы мәжіліс депутаттарынан осы мәселеге ден қоюын сұрады.
Одан бөлек, аурухананың бірегей ерекшеліктеріне тоқталған Алмат Тұрысбекұлы мұнда ерекше ота жасайтын бөлімшелердің, Алматы облысы бойынша жалғыз балаларға арналған гемодиализ, күйік шалған науқастарды емдейтін бөлімдер мен білікті мамандардың бар екенін айтты. Бірақ бұл мүмкіндіктердің әрі қарай дамуына материалдық шектеулер үлкен кедергі болып отырғанын жеткізді. Қызметкерлер тарапынан көтерілген басты мәселелердің бірі – аурухананың тозығы жеткен инфрақұрылымы мен күрделі жөндеудің жүргізілмегені болды.
Бұл жағдай мекеменің жылыту жүйесінде олқылықтарға себеп болып, науқастардың наразылығын тудырып отыр.
Парламент мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай мәселелерді қызметкерлердің өздерінен тікелей есту үшін келгендерін айтып, партия тарапынан бұл мәселелерді шешуге қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Ауруханадан кейін депутаттар бірнеше жылдан бері аяқталмай келе жатқан Мәдениет үйінің құрылыс алаңына келді. 2022 жылдан бері салыну жоспарланған нысанның іргесі 2024 жылдың аяғында ғана қаланып басталған. «Ақсақал» құрылыс алаңына айналған нысанның айналасында бітпес дау бар. Жыл сайын ауысып отыратын құрылысқа жауапты мердігер компаниялардың айтар сылтауы да көп. Түптеп келгенде мәдени нысанның құрлысы аяқталмай қалып жатыр.
Мәжіліс депутаты Максим Рожин бұл нысанның құрылысына қатысты бірнеше мәселені көтерді: жобаның дұрыс жасалмауы, жер мәселелерінің туындауы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және жауапты тараптардың салғырттығы. Ол құрылыс мерзімі созылған сайын жобаның құны өсіп жатқанын атап өтті.
Депутат бұл мәселенің Парламент қабырғасында да талқыланғанын, сондай-ақ басқа аудан мен ауылдарда да осыған ұқсас проблемалардың бар екенін айтты. Оның пікірінше, басты мәселе – техникасы жоқ, жұмысшы саны аз компаниялардың тендерді ұтып алуында. Мұндай компаниялар жергілікті жерлерде жұмысты өз күшімен жүргізе алмағандықтан, тек бір-екі жұмысшы жалдайды. Ал олардың техникалық немесе қаржылық мүмкіндіктері жеткіліксіз.
Осы мәселелерді болдырмау үшін жақында Парламентте мемлекеттік сатып алулар туралы заңға жергілікті компанияларға басымдық беру талабын енгізу ұсынылғанын айтты. Депутат бұл тетікті қолдану қажеттігін әкімге де ескерткенін және жергілікті компаниялардың жергілікті азаматтарды жұмыспен қамту арқылы өңірге жанашырлық танытатынын атап өтті.
Максим Рожин Қызылорда облысында бұдан да ауқымды және күрделі нысандардың небәрі 9 айдың ішінде аяқталғанын мысалға келтірді. Ол мұны жергілікті жердегі талапшылдықтың арқасы деп түсіндіріп, тәртіп пен талапты күшейту қажеттігін айтты.
Іле ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Айдос Күмісбайұлы осы лауазымға бір жарым ай бұрын тағайындалғанын, сол уақыттан бері 400 орынды Мәдениет үйінің құрылыс барысының басы-қасында жүргенін айтты. Оның мәлімдеуінше, бұл құрылыс 2022 жылдың маусымында келісімшарт бойынша басталған. Бастапқыда жобаның жалпы қүны 1,65 миллиард теңге болған. Алайда жобаның бірнеше рет өзгеріске ұшырауына байланысты облыстық құрылыс бастамасымен облыстық бюджет комиссиясына қайта ұсыныс жіберілген. Айдос Күмісбайұлы қазіргі таңда облыстық бюджет комиссиясының хаттамасын күтіп отырғандарын, сол хаттамаға сәйкес мердігер ұйымымен бірге ғимараттың аяқталуын қатаң бақылауға алып, бітіру жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.
Құрылыс бойынша мердігерлермен келісімшарт 2025 жылдың маусым айына дейін жасалған. Осы мерзімде нысан толығымен аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Депутаттар сапар барысында Ащыбұлақ ауылдық округінің орталығы Мұхамеджан Түймебаев ауылында тұрғындармен де кездесіп, округке қатысты біршама өзекті мәселелерді талқылады. Алдағы уақытта көтерілген мәселелердің шешімін табу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын айтты.
Диана ҚАНАТ