ҰМЫТЫЛМАС ЕРЛІККЕ 80 ЖЫЛ

Кімді жалғызынан айырып, кімді жапан түзде оққа ұшырмады бұл соғыс? Кімді әкесінен, кімді бауырынан ажыратпады? Кімді зар илетіп, кімді мүгедек етпеді? Баласының артынан қаралы қағаз алса да, бәсіресін арнап, жолын тосқан қара кемпірдің зары әлі күнге құлағымызда. Жер бетіне қисапсыз шығын мен орны толмас қасірет әкелген Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына, міне, 80 жыл толып отыр.
«Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» деген ұран — ерлікке көрсетілген ең үлкен тағзым. Батыр бабалардың от пен оқтың ортасында жүріп, бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған ерлігі мәңгілік. Рухы өшпек емес.
Зымыраған уақытпен бірге жеңістің 80-ші көктемі де келіп жетті. Ұлы Отан соғысындағы ерлік жыл сайын алыстап бара жатса да, оның өнегесі санамызда жаңғыра түсуде. Сол сұрапыл жылдарда дүниені фашизм езгісінен азат еткен халықтың жауынгерлік рухын адамзат ешқашан ұмытпақ емес. Өйткені бұл – тарихтың тек драмалық беті ғана емес, жаугершілік замандағы жанқиярлықтың, отансүйгіштіктің шынайы көрінісі.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ Іле ауданы бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұмытылмас ерлікке – 80 жыл» атты дөңгелек үстел өткізілді. Шараға ҚХА жанындағы Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің төрағалары қатысып, ерлік пен елдік туралы тағылымды әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагері, 102 жастағы батыр қария Тәңірберген Толғанбаевтың және 7 жасынан 10 жасқа дейін түрме мен концлагерьде болған 90 жастағы Зинаида Дмитриевна Кузминаның шаңырағына арнайы барып, жағдайларын сұрап, тағылымды естеліктер тыңдалды. Бұл кездесуге Өтеген батыр ауылдық округінің әкімі Төлеген Ануарбекұлы Омаров, Іле аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы М. Сейдалиев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы М. Жабиева, сондай-ақ ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ғ. Сүйіндіков қатысты.
Тәңірберген Толғанбаев сынды қаһармандарымызды құрметтеу – бұл тек тарихқа ғана емес, болашақ ұрпаққа көрсетілетін өнеге. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Батыр бабаларымыздың жүріп өткен әрбір ізі – біз үшін шежіре. Сол тарихтан тағылым ала отырып, бейбіт өмірдің бағасын білу – бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Біздің мақсатымыз – қаһарлы күндердегі халқымыздың өр мінезі мен ерен ерлігін мақтан ете отырып, Тәуелсіз еліміздің туын биік ұстау. Қазақ елінің майданда да, тылда да көрсеткен жанқиярлық ерлігін құрметтеу арқылы жастарды отансүйгіштікке, тарихи жадыны бағалауға тәрбиелеу.