Референдум–2026: Дайындық барысы және есептен шығару куәлігін алу тәртібі
2026 жылғы 11 ақпанда Мемлекет басшысы республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойып, ел көлемінде маңызды саяси науқан тағайындалды. Аталған құжатқа сәйкес референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді.

Осыған орай дайындық жұмыстары республика бойынша жүйелі түрде жүргізілуде. Біз аталған мәселе төңірегінде аумақтық референдум комиссиясының төраға орынбасары Ахмет Ербол Бауыржанұлынан сұрастырып, дайындық барысы туралы нақты мәліметтерге қанықтық.
Ербол Бауыржанұлының айтуынша, Іле ауданында референдумға дайындық жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Аудан бойынша дауыс беруге құқығы бар 154 174 сайлаушы тіркелген. Азаматтардың уақытша болу орындарына бойынша құрылған учаскелер саны – 6. Олар – 3 емхана, 2 әскери бөлім және 1 уақытша ұстау изоляторы. Референдум күніне 5 күн қалғанда аталған учаскелердегі азаматтар саны анықталып, референдум процесіне қатысады.
Саяси науқанда алғаш рет қатысып, өз таңдауын жасайтын 5868 жас бар. Бұл – жас буынның азаматтық белсенділігінің артуына ықпал ететін маңызды кезең.
Учаскелік референдум комиссиялары 23 ақпаннан бастап жұмысқа кірісті. Қазіргі уақытта барлық комиссиялар штаттық режимде жұмыс жасап, қажетті материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар заң талаптарына сәйкес аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары үгіт-насихат жұмыстарына қатыспайды. Олардың негізгі міндеті – референдум процесінің заңдылығын, ашықтығын және әділдігін қамтамасыз ету. Орталық референдум комиссиясы тарапынан комиссия мүшелерін онлайн форматта оқыту және тестілеу шаралары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, облыстық референдум комиссиясы деңгейінде де арнайы оқу семинарлары өткізілген. Ал аудандық референдум комиссиясы Боралдай кенті мен ауылдық округтерді бес аймаққа бөліп, кезең-кезеңімен оқыту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл шаралар комиссия мүшелерінің кәсіби дайындығын арттыруға бағытталған.
Есептен шығару куәлігі кімдерге беріледі, оны кімдер ала алады?
Бұл сауалға Ербол Бауыржанұлы төмендегідей түсініктеме берді:
«Егер азамат 15 наурыз күні өзінің тіркелген жерінен тыс жерде болатын болса, онда 14 наурыз күні сағат 18:00-ге дейін өзінің учаскелік комиссиясына жазбаша өтініш беріп, жеке куәлігін көрсетуі қажет. Өтініш негізінде есептен шығару куәлігі беріледі. Бұл құжат референдум күні азаматтың нақты болатын жері бойынша басқа учаскеде дауыс беруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар есептен шығару куәлігін сенімхат арқылы өкіл де ала алады, бұл ретте сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді. Құжат жоғалған жағдайда ол қалпына келтірілмейді және телнұсқа берілмейді. Бір елдімекен шегінде басқа учаскеде дауыс беру үшін есептен шығару куәлігі берілмейді».


Осылайша, есептен шығару куәлігі тек тіркелген жерінен тыс жерде болатын азаматтарға беріледі және ол референдум күні дауыс беру құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды.
Еске сала кетейік, 2024 жылы референдум өткізу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Ал 2026 жылы өткен референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізілді.
Сонымен қатар заңнамалық талаптарға сәйкес, егер Конституцияның елу пайыздан астам нормасына өзгеріс енгізілетін болса, онда жаңа Конституция қабылданады. Жалпы алғанда, Іле ауданында референдумға дайындық жұмыстары заң аясында, белгіленген мерзімдерге сәйкес жүргізілуде. Комиссия өкілдерінің айтуынша, басты мақсат – әрбір азаматтың өз таңдауын еркін әрі ашық білдіруіне барлық жағдай жасау.
Өз тілшіміз



