Өтеген батыр ауылында референдум ұйымдасқан түрде өтуде

Өтеген батыр ауылындағы мәдениет үйінде орналасқан референдум учаскесінде дауыс беру процесі белгіленген талаптарға сай ұйымдасқан түрде өтуде. Учаскелік комиссия мүшелері тұрғындардың еркін әрі құпия дауыс беруіне барлық жағдай жасаған.
№ 1062 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Ляззат Жабиеваның айтуынша, референдумға дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілген. 4 наурызға дейін учаскеге тіркелген барлық азаматтарға арнайы шақырту қағаздары таратылып, тұрғындарға дауыс беру күні мен учаскенің орналасқан жері туралы толық ақпарат берілген.
«Біз әрбір тіркелген азаматқа шақырту қағаздарын таратып шықтық. Сонымен қатар электронды форматта да азаматтарға өз учаскелері туралы ақпарат жіберілді», – дейді Ляззат Жабиева.
Оның айтуынша, дауыс беру күні учаске таңертең белгіленген уақытта өз жұмысын бастаған. Содан бері тұрғындар келіп, комиссия мүшелері оларды тіркеу тізімі бойынша тексеріп, бюллетеньдер тапсырып жатыр. Азаматтардың еркін әрі ашық түрде дауыс беруіне барлық жағдай қарастырылған.
«Азаматтар белсенді түрде келіп, өз таңдауларын білдіруде. Әр адамның еркін дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған», – дейді комиссия төрағасы.
Учаскеде құпия дауыс беру үшін арнайы кабинкалар орнатылған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жағдайлар да қарастырылған. Ляззат Жабиеваның айтуынша, құлағы нашар еститін немесе көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы ақпараттық бұрыштар бар.
Биылғы референдумда жастардың белсенділігі де байқалады. «Алғаш рет дауыс беруге келген 18 жасқа толған жастар да учаскеге келіп, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруде», – дейді Ляззат Жабиева.
Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Оның айтуынша, учаскеде қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлері кезекшілік атқаруда. Жалпы референдум Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ашық әрі тәртіппен өтуде.
Дауыс беру аяқталғаннан кейін барлық нәтижелер заңнамаға сәйкес рәсімделіп, ресми түрде жарияланатын болады.



