ІЛЕ АУДАНЫНДА 800 ЖАСТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ФОРУМЫ ӨТТІ

Бүгін Өтеген батыр ауылында «Менің таңдауым – заң және қаржылық қауіпсіздік» атты ауқымды форум өтті. Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған шара 800-ге жуық мектеп оқушысы мен колледж студентін бір алаңға жинады.

Форумның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және қазіргі цифрлық ортадағы қауіп-қатерлерден қорғану жолдарын түсіндіру.
Іс-шара экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жобалар көрмесінен басталды. Жастар өз бастамаларын таныстырып, үздік жобалар анықталды.

Форумның негізгі бөлімінде сала мамандары жастармен дропперлік, интернет-алаяқтық, құмар ойындарға тәуелділік, киберқауіпсіздік, банк карталары мен жеке деректерді қорғау мәселелерін талқылады.
Спикерлер күнделікті өмірде кездесетін қаржылық және цифрлық қауіптерге назар аударып, жастарға қауіпсіз әрі жауапты шешім қабылдаудың маңызын түсіндірді.
Бағдарлама аясында «Әже және «служба безопасности»» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Қойылым арқылы телефон және интернет алаяқтарының әрекет ету тәсілдері сахналанды.

Сонымен қатар жастар арасында тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылып, экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша үздік жоба авторлары мен белсенді қатысушылар марапатталды.
Форум қоғамға кері әсер ететін заңсыз әрекеттер мен зиянды әдеттерге қарсы символдық акциямен қорытындыланды.



