Сыдық Дәулетовтің «Нар жолы» атты ғұмырбаяндық эссесінің тұсауы кесілді

Алматыда белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Алматы облысының құрметті азаматы Сыдық Дәулетовтің «Нар жолы» атты ғұмырбаяндық эссесінің тұсауы кесілді.
Түйе шаруашылығын дамытуға және ұлттық өнімдерді өндіруге үлес қосқан азамат өз еңбегінде өміріндегі қиын кезеңдерді, отбасы мен кәсіпке, сондай-ақ ғылымға қатысты естеліктерін жазған. Автордың сөзінше, «Нар жолы» – бір ғана адамның өмірбаяны емес, еңбек пен табандылықтың нәтижесін көрсететін шығарма. Туындыда кәсіпкердің ауылды дамытуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға және әлеуметтік қолдауға қосқан үлесі де қамтылған.
«Әр кезеңнің қиындығына көбірек тоқтадым. 2009 жылы түйеден кандидаттық диссертация қорғаған ғалым ретінде, Аграрлық университеттің құрметті профессоры ретінде ой өрбіттім. Бұл жерде «Әке алып берген қыз» деген бөлім де бар. Отбасы туралы да, бизнес туралы да, ғылым туралы да, мемлекеттік саясат туралы да жазылды. Жалпы айтқанда, мен өзім негізі жан-жақты адаммын», – деді кәсіпкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Сыдық Дәулетов.
Кітап таныстырылымына келгендер «Нар жолы» еңбегін жастарға берері мол дүние деп бағалады. Олардың сөзінше, туындыда табандылық пен еңбекқорлықтың нақты нәтижесін көруге болады.



