Масс-медиа — қоғамның ақпараттық айнасы

Қазіргі заманда масс-медиа қоғам өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Теледидар, радио, газет-журналдар, интернет-басылымдар және әлеуметтік желілер арқылы адамдар әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып, өз ойларын еркін жеткізе алады. Масс-медиа тек ақпарат таратушы құрал ғана емес, сонымен қатар қоғамдық пікірді қалыптастыратын маңызды күш.
Бүгінде цифрлық технологиялардың дамуына байланысты ақпарат тарату жылдамдығы артты. Бұрын жаңалықтарды теледидардан немесе газеттен күтсек, қазір кез келген оқиғаны бірнеше секунд ішінде смартфон арқылы біле аламыз. Әсіресе Instagram, TikTok және YouTube сияқты платформалар жастардың ақпарат алу дағдысына айтарлықтай әсер етуде.
Дегенмен ақпараттың жылдам таралуы оның әрдайым шынайы екенін білдірмейді. Әлеуметтік желілерде жалған жаңалықтар мен тексерілмеген мәліметтер жиі кездеседі. Сондықтан әрбір адам ақпараттың дереккөзін тексеріп, бірнеше сенімді ақпарат құралымен салыстыра білуі қажет. Бұл — медиасауаттылықтың негізгі белгісі.
Масс-медианың қоғам алдындағы жауапкершілігі де ерекше. Журналистер ақпаратты халыққа жеткізіп қана қоймай, оның шынайылығына, дәлдігіне және қоғамға тигізетін әсеріне мән беруі керек. Себебі бір ақпарат адамның көзқарасына, шешіміне, тіпті өміріне ықпал етуі мүмкін.
Қорытындылай келе, масс-медиа — қоғам мен әлемді байланыстыратын маңызды құрал. Оның мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану әр адамның ақпараттық мәдениетіне байланысты. Ақпаратты сауатты қабылдап, шындық пен жалғанды ажырата білу — қазіргі заман адамының басты дағдыларының бірі.
Зейнолла Салима
КазУМОимя, 1 курс студенті
Журналистика факультеті



