Аудан жаңалықтары

ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫНДАҒЫ ІЛЕ МӘДЕНИЕТІ: 35 ЖЫЛДЫҚ РУХАНИ ӨРЛЕУ

Тәуелсіздік – халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған асыл арманы, ұлт рухының жаңғыруына, төл мәдениетіміз бен өнеріміздің өркендеуіне жол ашқан ұлы құндылық. Егемендік алған отыз бес жыл ішінде еліміз саяси-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани-мәдени бағытта да толайым табыстарға қол жеткізді. Осы жылдар аралығында Алматы облысының іргелі өңірлерінің бірі – Іле ауданының мәдениеті де жаңа белестерді бағындырып, ұлттық өнерді ұлықтау мен тарихи мұраны дәріптеудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

Егемендік – руханияттың алтын арқауы

1991 жылы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет атануы халқымыздың ұлттық болмысын жаңғыртып, тарихи жады мен мәдени құндылықтарын қайта түлетуге кең мүмкіндік берді. Ұмыт бола бастаған салт-дәстүріміз дәріптеліп, ұлттық өнерімізге жаңа серпін берілді. Мәдениет ошақтарының жұмысы жанданып, халық шығармашылығын дамытуға, жас таланттарды қолдауға айрықша көңіл бөліне бастады.
Бұл игі өзгерістер Іле ауданының мәдени өмірінен де айқын көрініс тапты.
Бүгінде аудан мәдениеті – өткеннің өнегесін бүгінгі күннің жаңашылдығымен ұштастырған, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытуға бағытталған маңызды сала.
Ауданда 16 мәдениет нысаны, 130-дан астам мәдениет қызметкері жұмыс атқарады.
Тәуелсіздік жылдарында ауданымызда мәдени-көпшілік іс-шаралардың мазмұны жаңарып, шығармашылық ұжымдардың әлеуеті артты. Халықтық өнерді насихаттау, дәстүрлі ән мен күйді дәріптеу, театр, би және вокал өнерін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасын тапты.
Әсіресе, соңғы жылдары мәдени инфрақұрылымды дамыту, өнер адамдарына қолайлы жағдай жасау және тұрғындардың мәдени игіліктерге қолжетімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Нұрғиса есімімен жаңғырған руханият ордасы

Іле ауданының мәдени өміріндегі тарихи оқиғалардың бірі – 2025 жылы аудан орталығы Өтеген батыр ауылында 400 орындық жаңа мәдениет үйінің пайдалануға берілуі.
Бұл – аудан тұрғындары көптен күткен, өңірдің рухани дамуына тың серпін берген маңызды нысан.

Жаңа мәдениет үйіне қазақ музыка өнерінің заңғар тұлғасы, Халық қаһарманы, әйгілі композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің есімі берілуі – аудан жұртшылығы үшін ерекше мақтаныш.
Ұлы сазгердің туғанына 100 жыл толуымен тұспа-тұс келген бұл оқиға ұлттық өнерге деген құрметтің, тарихи тұлғаларымыздың есімін мәңгілікке ұлықтаудың жарқын көрінісіне айналды.
Мәдениет үйінің ашылуымен қатар Нұрғиса Тілендиевтің еңселі ескерткіші орнатылып, арнайы стелла бой көтерді.
Бұл нысандар аудан орталығының сәулеттік келбетін көркейтіп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа ұлы композитордың өмірі мен шығармашылығын танытатын тағылымды орынға айналды.
Заманауи талаптарға сай салынған мәдениет үйінде көрермендер залы, шығармашылық кабинеттер, көрме және би залдары қарастырылған. Мұнда өнер ұжымдарының шығармашылықпен айналысуына, түрлі мәдени іс-шаралар өткізуге және жас таланттардың қабілетін шыңдауға мүмкіндік жасалған.
Бүгінде Нұрғиса Тілендиев атындағы Іле аудандық мәдениет үйі ауданның басты рухани орталығына айналып, ұлттық өнер мен заманауи шығармашылықтың тоғысқан ордасы ретінде қызмет етуде.
Нұрғиса Тілендиевтің есімін иеленген бұл өнер шаңырағы алдағы уақытта да талай таланттың қанатын қатайтып, қазақ мәдениетінің өркендеуіне қызмет ететіні сөзсіз.

Мәдени инфрақұрылым – ел дамуының көрсеткіші

Мәдениет саласының дамуы ең алдымен тұрғындарға жасалған жағдаймен, мәдени нысандардың қолжетімділігімен және олардың материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен өлшенеді. Осы бағытта Іле ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, Боралдай кентінде 280 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Асқар Тоқпанов, Мұхаметжан Түймебаев ауылдарында жаңа мәдениет үйлерінің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Аталған нысан пайдалануға берілгеннен кейін кент тұрғындарының мәдени өміріне одан әрі тың серпін беріп, балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға кеңінен жол ашпақ.
Жаңа мәдениет үйі жергілікті өнерпаздардың басын қосып, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, түрлі мәдени-көпшілік шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар соңғы жылдары ауданның мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.

Мәдениет мекемелерінің жұмыс сапасын арттыруға, шығармашылық ұжымдардың қызметіне қажетті жағдайларды жақсартуға бағытталған жұмыстар аудан мәдениетінің дамуына оң ықпал етуде.
Өйткені заманауи мәдениет ошағы – жай ғана концерт өткізетін ғимарат емес, ол халықтың рухани сұранысын қанағаттандыратын, ұрпақ тәрбиесін қалыптастыратын, ұлттық өнерді келешекке жеткізетін маңызды орталық.
Мәдениет саласына деген қолдау – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүргізіп отырған оң саясаты мен облыс, аудан басшыларының жүйелі еңбектерінің арқасы.

«Ауылым – алтын бесігім»: Іле өнерінің жарқын жеңісі

Тәуелсіздік жылдарындағы аудан мәдениетінің жетістіктері тек жаңа ғимараттармен ғана шектелмейді. Іле өнерпаздарының шығармашылық табыстары да өңір абыройын асқақтатып келеді.
Соның айқын дәлелі – 2025 жылы Алматы облысында аудан-қалалар арасында ұйымдастырылған «Ауылым – алтын бесігім» облыстық байқауындағы тарихи жеңіс.
Аталған байқау аясында Іле ауданы өз мәдениетін, ұлттық болмысын, өнері мен шығармашылық әлеуетін кеңінен таныстырды. Облыстық байқау қорытындысы нәтижесінде Іле ауданы бас жүлдеге қол жеткізіп, жеңіл автокөлік ұтып алды.
Аталған жеңіс мәдениет қызметкерлерінің, өнерпаздардың, қолөнер шеберлерінің және ұйымдастыру жұмысына атсалысқан барша азаматтардың ортақ жетістігі болды.
2026 жылдың 9 қазанында Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен “Ұлт рухы ұялаған Іле” атты биылғы жылғы кезекті мәдениет күніне екі мыңға жуық көрермен қатысып, аудан өнерпаздарының өнерін тамашалады.
Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық салт-дәстүрлер, қолөнер шеберлерінің туындылары, тағылымды көрмелер мен ұлттық ойындар кеңінен насихатталды. Аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концерт Іле өңірінің шығармашылық әлеуетін жан-жақты паш етті.
Бұл – аудан мәдениеті үшін зор мәртебе, өнер ұжымдарының тынымсыз еңбегі мен шығармашылық ізденісінің лайықты жемісі.
Ең бастысы, бұл байқау Іле ауданының мәдени әлеуеті жоғары, ұлттық құндылықтары берік, шығармашылық мүмкіндігі мол өңір екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Өнерімен өрге жүзген Іле таланттары

Аудан мәдениетінің басты байлығы – оның өнерлі адамдары.
Бүгінде Іле ауданының шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушылары облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі мәдени байқаулар мен фестивальдерде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Атап айтқанда, Ақши халық театры мен халықтық «Сарытауқұм» ән-би ансамблінің, «Айжан» үлгілі ансамблінің және жеке орындаушы өнерпаздардың республикалық байқауларда Бас жүлдеге ие болуы – аудан өнерінің биік деңгейін көрсететін елеулі жетістіктердің бірі.
Бұл табыстар – ұлттық өнерді сақтап, оны заман талабына сай дамытып жүрген мәдениет қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі.
Ауданымызда дәстүрлі ән, күй, би, театр және өзге де өнер бағыттарына қызығушылық танытатын жастар қатары артып келеді.

Жас таланттарды анықтау, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, өнерге баулу – мәдениет саласындағы басым бағыттардың бірі.

Біздің басты мақсатымыз – сахна төрінде өнер көрсететін таланттарды тәрбиелеумен қатар, ұлттық мәдениетті қадірлейтін, ел тарихын құрметтейтін, рухани дүниесі бай ұрпақ қалыптастыру.
Себебі мәдениеті дамыған елдің келешегі де кемел.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы – жаңа міндеттер кезеңі

Биыл еліміз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтуде. Бұл – өткенімізді бағамдап, жетістіктерімізді саралап, болашаққа жаңа міндеттер жүктейтін тарихи белес.
Отыз бес жыл ішінде еліміздің мәдениеті жаңа мазмұнға ие болып, ұлттық руханиятымыз жаңаша түлегені анық. Осы үлкен жетістіктің ішінде Іле ауданы мәдениетінің де өзіндік орны бар.
Алдағы кезеңде ауданымызда мәдениет нысандарының инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру, материалдық-техникалық базасын нығайту, ауылдық елді мекендердегі мәдени қызметтің сапасын арттыру, шығармашылық ұжымдарды қолдау және жас таланттардың дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық өнерді дәріптеу, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және тұрғындардың рухани өмірін байыту мәселелері де назарымызда болады.
Біздің ұстанымымыз айқын: мәдениет әрбір тұрғынға қолжетімді болуы тиіс. Аудан орталығында болсын, шалғай ауылда болсын, әрбір азаматтың өнермен сусындауына, шығармашылықпен айналысуына және рухани дамуына мүмкіндік жасалуы қажет.
Бұл – тәуелсіз еліміздің мәдени саясатының маңызды бағыттарының бірі.

Тәуелсіздік бізге азаттықпен бірге ұлттық құндылықтарымызды сақтау, ата-бабадан жеткен асыл мұраны келер ұрпаққа аманаттау жауапкершілігін жүктеді.

Іле ауданының мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстардың түпкі мақсаты да – осы ұлы мұратқа қызмет ету.

Бүгінгі жетістіктеріміз – кешегі еңбектің жемісі, ал бүгінгі бастамаларымыз – ертеңгі ұрпаққа қалдырар рухани мұрамыз.
Ендеше, Тәуелсіздіктің 35 жылдық белесінде Іле ауданының мәдениеті өркендеп, өнері өрістеп, шығармашылық табыстары еселене берсін!

Өнері өркендеген елдің рухы биік, мәдениеті кемел елдің болашағы жарқын!

Рақымжан Бақытжан Көкенұлы
Іле ауданының мәдениет, тілдерді дамыту,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button