ЕГЕМЕНДІК ТАҒЫЛЫМЫ: ҰЛТТЫҚ АТАУЛАР – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Егемендік алған 35 жыл ішінде еліміз саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани тұрғыдан жаңғырып, ұлттық болмысымызды айқындайтын тарихи құндылықтарымызды қайта түлетті. Осы кезеңде жүзеге асырылған маңызды жұмыстардың бірі – тарихи атауларымызды қалпына келтіру, ұлт қайраткерлерінің есімдерін ұлықтау және елді мекендер мен көшелерге ұлттық сипат беру бағытындағы ономастикалық саясат.
Ономастика – жай ғана жер-су атауларын өзгерту емес. Бұл – ұлттың тарихи жадын жаңғырту, өткенге құрмет көрсету, келешек ұрпақтың санасына елдік пен ерліктің өнегесін сіңіру. Әрбір атаудың астарында халықтың тағдыры, елдің өткені мен бүгінін байланыстыратын терең мағына жатыр.
Осы тұрғыдан алғанда, Тәуелсіздік жылдарында Іле ауданында атқарылған ономастикалық жұмыстардың нәтижесі айрықша атап өтуге тұрарлық.
Тарихи атаулар –елдің айнасы
Егемендік жылдарында Іле ауданында идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен ауылдық округтердің атауларын өзгерту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Атап айтқанда, Энергетический ауылы – Өтеген батыр, Чапаев ауылы – Байкент, Междуреченское ауылы – Ақсай, Покровка ауылы – Кенен Әзірбаев, КазЦИК ауылы – Асқар Тоқпанов, Комсомол ауылы – Жайнақ ауылы болып өзгертілді.
Бұл өзгерістердің әрқайсысы – ел тарихына деген құрметтің, ұлттық сананың жаңғыруының және елдігіміздің нақты жемісінің көрінісі.
Бүгінде аудан орталығының Өтеген батыр есімімен аталуы – елін, жерін қорғаған тарихи тұлғаларымызға көрсетілген тағзым. Ал қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші әрі композиторы Кенен Әзірбаев пен ұлттық театр өнерінің көрнекті қайраткері Асқар Тоқпановтың есімдерінің елді мекендерге берілуі – мәдениетіміз бен өнеріміздің ұлы тұлғаларын ұлықтаудың жарқын үлгісі.
Мұндай игі бастамалар арқылы бұрынғы идеологиялық мазмұндағы атаулардың орнына халқымыздың тарихымен, мәдениетімен, рухани мұрасымен үндесетін ұлттық атаулар орнықты.
500-ге жуық көше – жаңарған ұлттық сананың көрінісі
Іле ауданында соңғы жылдары ономастика саласында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып, 500-ге жуық көшенің атауы өзгертілді.
Бұл – бір аудан көлемінде атқарылған қомақты жұмыстың нәтижесі. Әрбір көшеге берілген жаңа атау арқылы тарихи тұлғаларымыздың есімдері жаңғырып, ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, елді мекендердің тарихи-мәдени келбеті қалыптасып келеді.
Көше атауы – күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігі ғана емес, өскелең ұрпаққа берілетін тәрбиенің маңызды құралы. Ұлт мақтаныштарының есімімен аталатын көшеде өсіп келе жатқан жас буын сол тұлғаның өмір жолына қызығушылық танытып, ел тарихына тереңірек үңіледі.
Сондықтан ономастикалық жұмыстарды рухани жаңғырудың, тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің және отансүйгіштік тәрбиенің маңызды тетігі деп бағалауға толық негіз бар.
Ұлт тұлғаларын ұлықтау – ұрпақ алдындағы парыз
Іле ауданында ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлғалардың есімдерін мәңгілік есте қалдыруға да ерекше көңіл бөлінуде.
Соның бір айқын дәлелі – аудан аумағындағы №53 орта мектепке қазақ балалар әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың есімінің берілуі.
Бұл – жас ұрпақтың бойына әдебиетке деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, қазақ руханиятының бай мұрасын насихаттауға бағытталған маңызды қадам.
Сонымен қатар, 2025 жылы Өтеген батыр ауылында жаңадан бой көтерген 400 орындық Іле аудандық мәдениет үйіне қазақ музыка өнерінің заңғар тұлғасы, Халық қаһарманы, күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевтің есімі берілді. Аудан орталығындағы көшелердің біріне де ұлы композитордың есімі беріліп, оның рухани мұрасын ұлықтау ісі жалғасын тапты. Тәуелсіздік жылдарында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың, Ыдырыс Ноғайбаевтың, Кенен Әзірбаевтың, Тоқаш Бокиннің, Әнуар Молдабековтың есімдері білім ордаларына берілді.
Бұл бастамалар – ұлт мәдениетінің дамуына елеулі еңбек сіңірген тұлғаларымыздың есімін ел жадында сақтап, олардың өнегелі өмір жолын келешек ұрпаққа жеткізудің жарқын көрінісі.
Ұлы тұлғаларды ұлықтау арқылы біз тек өткенге құрмет көрсетіп қана қоймай, болашақтың рухани негізін қалыптастырамыз.
Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі
2025 жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай елімізде тарихи маңызы зор бастама жүзеге асырылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, еліміз бойынша Ұлы Отан соғысының 500 ардагерінің есімін көшелерге беру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды.
Осы игі бастама аясында Іле ауданында Ұлы Отан соғысына қатысқан 18 ардагердің есімі ұлықталып, олардың құрметіне көшелер берілді.
Бұл – ел басына күн туған шақта Отан үшін от кешкен батырларымызға көрсетілген шынайы құрмет, бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жанын аямаған ерлердің ерлігін мәңгілік есте қалдыру жолындағы маңызды іс.
Ардагерлердің есімдерін көшелерге беру арқылы олардың өмір жолы мен ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани мұраға айналуда.
Өйткені ерлікті ұлықтау – елдікті сақтау. Ал өткенін қадірлеген халықтың болашағы қашанда баянды болмақ.
Жүйелі жұмыс – нәтижелі саясаттың жемісі
Іле ауданында ономастика саласында қол жеткізілген жетістіктер – кездейсоқ нәтижелер емес. Бұл – мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған жүйелі саясаттың, жауапты мемлекеттік органдар мен жергілікті халықтың бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысының ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған саясаты аясында жүзеге асырылып келеді.
Осы ретте республикалық және облыстық ономастика комиссиялары мүшелерінің, салалық министрлік пен облыстық басқарманың, жергілікті атқарушы органдардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Ең бастысы, атқарылған жұмыстарға аудан тұрғындарының қолдау білдіруі – қоғамның ұлттық құндылықтарға деген көзқарасының оң бағытта қалыптасқанын көрсетеді.
Себебі ономастикалық саясаттың табысты жүзеге асуы халықтың қолдауымен, қоғамдық келісіммен және тарихи жауапкершілікпен тікелей байланысты.
Бүгінде аудан көлемінде ономастика саласындағы жұмыстар жыл сайын бекітілетін Жол картасы негізінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, өз жалғасын табуда. Алдағы уақытта да тарихи атауларды жаңғырту, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ретке келтіру, елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімдерін ұлықтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле бермек.
35 жыл – ұлттық рухтың жаңғыру кезеңі
Биыл Қазақстан Республикасы ел егемендігінің 35 жылдығын атап өтуде. Бұл – өткенге көз жүгіртіп, жеткен жетістіктерімізді саралап, болашаққа бағдар жасайтын тарихи белес.
Осы жылдар ішінде Іле ауданында жүзеге асырылған ономастикалық жұмыстар – егемендігіміздің рухани саладағы жарқын жемістерінің бірі.
Жаңарған елді мекендер мен ауылдық округтердің атаулары, ұлттық тұлғалардың есімін иеленген білім және мәдениет нысандары, 500-ге жуық көшенің қайта аталуы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 18 соғыс ардагерінің есімінің ұлықталуы – мұның барлығы 35 жыл ішінде қол жеткізілген елеулі нәтижелер.
Бүгінде ауданымыздағы әрбір тарихи атау – Тәуелсіздіктің тағылымын танытатын, ұлт рухын асқақтататын құнды мұра.
Біздің басты міндетіміз – осы игі істерді жалғастырып, ел тарихын ұлықтайтын, ұлттық болмысымызды айшықтайтын атауларды келешек ұрпаққа аманат ету.
Өйткені жердің аты – елдің жады. Тарихи атауларымызды жаңғырту – ұлттың өткенін түгендеу, бүгінін бағалау, болашағына қызмет ету деген сөз.
Ендеше, елдігімізді айшықтайтын әрбір атау ұрпақ санасында мәңгі сақталып, Қазақстанымыздың рухани байлығын еселей берсін!
Рақымжан Бақытжан Көкенұлы
Іле ауданының мәдениет, тілдерді дамыту,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы



