Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамРухани Жаңғыру

ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Ауданымызда салауатты өмір салтын насихаттап, адам денсаулығына жіті көңіл бөлу, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді жағдай жасай отырып, қоғамдық ортаға бейімдеу – бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Осы орайда, мүмкіндігі шектеулі жандардың ем алуына және демалуына қолайлы жағдай туғызатын орындардың бірі – Боралдай кентінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Даулет-Центр» медициналық мекемесінде Алматы облысы бойынша тұңғыш рет оңалту орталығы ашылды.

Оған аудан әкімі Б.Қарасаев, аудандық және облыс көлеміндегі дәрігерлік амбулаториялар басшылары, білім, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, кенттің белсенді азаматтары қатысты.

Жиында сөз алған аудан басшысы Б.Қарасаев, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтай келе:

-Ауданымызда бүгінге дейін қайта оңалтуға арналған арнайы мекеме болмаған. Науқастар бұған дейін реабилитациялық ем алу үшін еліміздің түкпір-түкпіріндегі оңалту орталығына баруға мәжбүр еді. Науқастар үшін бұл жағдай айтарлықтай қиындық тудырып келді. Бүгін міне, «Даулет-Центр» медициналық мекемесінің жүйелі жұмыстардың нәтижесінде оңалту орталығы аудан тұрғындарына пайдалануға беріліп отыр,- деп ағынан жарылды.

Орталықтың жылына 250 адамға дейін қабылдау мүмкіндігі бар. 20 кереуетке арналған сауықтыру және медициналық оңалту бөлімі енді ересектерге арналған кардиологиялық жүрек ауруынан кейінгі науқастарды қайта оңалту, коронарлық артерияны аортокоронарлық шунттаудан кейін сауықтыру, коронорография, ревматикалық ақауларды емдеу, ересектер үшін неврологиялық инсульттан кейінгі салдарды айықтыру және ересектердің жарақат, буындарын қайта қалпына келтіретін болады.

Ашылу салтанатында болған аудан әкімі оңалту орталығын аралап, жұмыстарымен танысты. Оңалту орталығына 200 млн. теңге инвестиция тартылып, сонымен қатар ауыл тұрғындары үшін 26 жаңа жұмыс орны ашылды. Емдеуге жатқызу Қазақстанның кез-келген аймағынан госпитализация бюросының порталы арқылы ақысыз негізде жүзеге асырылады.

Оңалту мақсаты: Зақымдалған органның немесе жүйенің бұзылған және жоғалған функцияларын толық немесе ішінара қалпына келтіру; алдын-алу және түзету, зақымдалған мүшелер немесе дене жүйелерінің функциялары, бұлшық ет тонусын жақсарту, аяқ-қол қызметін қалпына келтіру, науқасты күнделікті және жұмыс істейтін физикалық белсенділікке бейімдеу мүгедектіктің алдын-алу және төмендету, өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады.

«Дәулет-Центр» медициналық орталығының директоры С.Сәткенбаева бізбен әңгімесінде — Қазір таяу уақытта науқастарды қабылдауға мүмкіндігіміз толық бар, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіп, мүгедектерге жақсы қызмет көрсетуге дайынбыз. Қазірдің өзінде 26 науқасты емдеп жатырмыз,—деді.

«Дәулет-Центр» медициналық орталығының оңалту бөлімі — бұл пациенттер сапалы медициналық қызмет ала алатын заманауи көп функционалды медициналық кешен. Ол жерде физиотерапиялық процедуралар бар, жылу, жарық, электротерапия, жұлын тарту техникасы, су процедураларының барлық түрлері, екі камералы ванналар, тұзды шахта, парафинмен емдеу, балқарағай бөшкесі, массаж, гимнастика, механотерапия, Ине рефлексологиясы, балшық терапиясы және тағы басқа емдеу түрлері бар.

Оңалту орталығында көп салалы дәрігерлерден құралған реабилитологтар, невропатологтар, психолог, логопед, физиотерапевт, жаттығулар терапевті, массажист сынды білікті топ жұмыс істейді:

«Даулет-Центр» медициналық мекемесі қазіргі таңда кенттегі 20 мыңнан аса тұрғындар тіркелген үлкен орталық. Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көрсететін мекемеде 100-ден аса медициналық қызметкерлер жұмыс жасайды, ақылы және тегін стационарлар мен өз зертханасы бар, орталық толықтай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ орталыққа көп салалы балабақша қарайды.

 

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button