Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыДін және қоғамҚоғам

МӘУЛІТІМ МЕНІҢ МЕРЕЙЛІ

Әмина анамыз туғанда әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылғанда үстінен жұпар иісі аңқып тұрды. Келінінің бір нұрлы перзент көргендігін естіп атасы Әбдімүттәліп қуанып оған Мұхаммед деп ат қойды. «Абдулламның көзі» — деп, оған айрықша көңіл бөлді. Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) туылған соң атасы Әбдімүттәліп үлкен той жасайды. Құрайыш руларының ұлықтарын шақырады. Сүйікті немересіне қандай ат қойдың дегенде: Мұхаммед деп ат қойдым — дейді. Олар: — «Ата-бабаларымыздың арасында мұндай есімді адам болмаған, бұл атты қоюдағы мақсатың не?», — деп сұрайды. Мұхаммед сөзінің түбірі мақтау, ризашылық дегенді білдіреді. Осы сөзден мақтау, мадақ, АЛЛАҺ тағалаға шүкір, мақтаулы, ең мақтаулы деген сөздер туындайды. Сөйтіп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үш аты бар. Олар: Мұхаммед, Ахмет, Махмуд. Мұхаммед қыр мұрынды, сақалы үлкен және қалың дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы жүзінен нұр тамып тұратын адам екен. Екі жауырынының ортасында пайғамбарлық мөрі бар еді. Мүбәрәк тістері әппақ болып жарқырап,сөйлегенде аузынан нұр шашылып тұратын. Денесі тап-таза хош иісті еді. Терлегенде де одан әдемі иіс шығып тұратын. Біреуге қол беріп амандасса, ол кісі күні бойы сол хош иіске бөленіп, көңілі хош жүретін. Мүбәрәк қолымен бір сәбидің басын сипаса, ол сәби басқа сәбилерден хош иісімен ерекшеленіп шыға келетін. Пайғамбарымыз өте сезімтал, алыстағыны тез еститін қырағы көреген еді. Жүргенде жеңіл адымдап тез-тез жүретін. Сырттан қарағанда жәй жүріп бара жатқандай көрінетін. Бірақ жанындағылар қанша тез жүрсе де ілесе алмай қалып қоятын. Бос сөз сөйлемейтін. Әрбір сөзі хикмет жене насихат болатын. Ешкімге жаман сөйлемейтін. Ешкімге жамандық жасамайтын, ешкімнің сөзін бөлмейтін. Жұмсақ мінезді,өте кішіпейіл еді. Айбатты әрі байсалды болатын. Қатты күлмей тек жымиятын. Жұртқа тек көзінің қиығымен ғана қарайтын. Сахабаларды алдына жіберіп, өзі соңында жүретін. Кім-кімге де бірінші болып сәлем беретін. Туған-туыстарын құрмет тұтатын. Үй ішімен,сахабаларымен жақсы қарым-қатынаста болатын.Қызметшілерін жақсы көретін. Өзі не ішіп,не кисе оларға да соны ішкізіп,соны киіндіретін. Өте жомарт, қолы ашық, мейірімді, жұмсақ мінезді, уәдесіне берік еді. Қорыта айтқанда жаратылысы да, мінезі де әдемі, адамдардың ең кәмілі, теңдессізі еді. АЛЛА тағала ол туралы Құран Кәрімде де: «Шын мәнінде сен, әлбетте ұлы мінезге иесің», — деген еді. Мұсылман жұртында жыл сайын ай күнтізбесі бойынша 12 рабиул-әууәлда Мұхаммед пайғамбардың туылған күні ресми түрде тойланады. Енді бұл дәстүр қайдан шыққан дегенге келейік. Мысырда Пайғамбарымыздың мәуліті жазылып, көпшілікке оқылуы әдетке айнала бастаған кезді тарихшылар Мысырдағы фатимиттер билеп түрған тұс дейді. Сол кезеңде мәуліт ресми мейрам етілді. Алайда халық арасында бірден кең көлемде таралмады. Суниттік бұлақтар бойынша мәулітті мейрам етіп ұйымдастырған Мұзаффар ад-Дин Көбөрі, соңынан Салах ад-Дин әл-Айубидің қолдауымен мәуліт алғаш рет жалпылама жоғарғы Месопатамиядағы Ирбил қаласында 1207 жылы аталып өтті.

Марокко тарихшысы әл-Ифрани былай деп жазды: «Жұрт жайғасқаннан соң ислам ғұламасы алға шығады да пайғамбардың ізгі сипаттары жайлы әңгімелейді. Оның туғанынан бастап өмірінің соңына дейін басынан кешкен жәйттерін саралап шығады. «Осындай уағыздар мен онда баяндалатын кейбір оқиғалар желісі Маулидийна дастандарының шығуына себеп болған. Алайда пайғамбарға жыр арнау дәстүрі оның көзі тірі кезінде де болған. Мысалы ақын Кааб бин Зухайр оған «Банат Суад» деген дастанын арнаған.Осы ақынға еліктеп көптеген шайырлар да пайғамбарға өз жырларын бағыштаған. Маулидийна поэмасында Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туғанынан бастап, бақилыққа көшкенге дейінгі өмірі жайлы айтылады. Ол құрылымы жағынан араб әдебиетінің дәстүрлі жанрларының бірі қасидалардан алшақ емес. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ерекше жаралғандығы мен керемет қасиеттері жөніндегі әңгімелердің кең таралуына байланысты пайғамбардың туған күні мәулітті жыл сайын тойлау дәстүрі өмірге осылай келген. Мәуліттің тойлануына ислам ғұламалары жоғары баға берген. Имам Науауи: Жыл сайын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күніне сәйкес келетін осы күндерде істелетін садақалар, Амру-марьуф және адамдар бойынан көрінетін көркем мінезділік пен қуанышты істер осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы деген. Мұсылмандар бір істі жақсы деп санаса, ол іс АЛЛАһ тағала алдында да жақсы. Себебі, хадис шәрифте: Мұсылмандар жақсы көрген ісі, АЛЛАҺ тағала алдында да жақсы көрінеді делінген имам Ахмад риуаятында. Жүнайд Бағдади: «Кімде-кім Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды» — деген. Хасан әл-Басри «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітін оқытуға жұмсаған болар едім» деген екен.

 

К. ТӘЛІМҰЛЫ, Республикалық білім беру ісінің үздік қызметкері, ақын, ұлт жанашыры, тіл жанашыры, Іле ауданының Өтеген батыр Сәбденұлы атындағы мешіттің пресс хатшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button