ҰБТ-да «шпаргалкамен» ұсталғандар тамызда қайта тест тапсыра ма – БҒМ жауабы
Биылғы ҰБТ 29 маусым мен 5 шілде аралығында өтіп жатыр
Отандық БАҚ беттерінде ҰБТ-да тыйым салынған заттарды пайдаланған абитуриенттер тамыз айында қайтадан тест тапсыру мүмкіндігіне ие болады деген ақпарат тарап жзатыр. Аталған мәселеге байланысты Azattyq Rýhy тілшісі Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқан еді.
Мекеменің ресми өкілі Гауһар Омарбекованың мәліметінше, аталған шешім әлі ресми күшіне енбеді.
«ҰБТ-да тыйым салынған заттармен ұсталған абитуриенттердің тамыз айында қайта тест тапсыруына байланысты ақпарат ресми қабылданған жоқ. Бұл мәселе әлі талқылануда»,-деді ол.
Ал Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Өскембаева Ratel.kz сайтына берген ресми мәлімдемесінде тамыз айында абитуриенттер екінші мәрте тест тапсыру мүмкіндігіне ие болатынын айтқан.
«Бұл шешімді Білім және ғылым министрі кеше өткен видео-конференц-байланыс отырысында қабылдады. Биылғы ҰБТ кезінде тыйым салынған шпаргалка, мобильді телефон пайдаланған түлектер тамыз айында қайта тест тапсыра алады. Бірақ жинаған балдарымен тек ақылы оқу орнына ғана құжат тапсыра алады»,- деді ол.
Айта кететіні, бұған дейін аталған ережені бұзғандар қайта тест тапсыруға бір жылдан кейін ғана жіберілетін. Биылғы ҰБТ 29 маусым мен 5 шілде аралығында өтіп жатыр.