ІНДЕТТЕН ТУЫНДАҒАН МІНДЕТ
Өткен аптада Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылы туралы тың жаңалықтармен бөлісіп, өз бағытын таныстырды. Қашықтықтан оқыту мәселесі көптің көңілін күпті еткені рас. Бірі қашықтықтан оқытуды қолдап, сақтық шарасын алға тартса, оқушының партада алған білімі нәтижелі болатынын, үйде отырған баланың білім алуға құлқы болмайтынын айтқандар да болды. Осы бір күрмеуі қиын күрделі мәселе жайлы халықтың ой-пікірін білген едік.
Алмасбек Сәтібаев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: Біз алдымен заңға бағынамыз. Ел басқарып отырған азаматтар тектен-тек осы бір жолды таңдап отырған жоқ қой. Барлығы – сақтық шарасы. Балаларымыз аман-есен болсын. Біздің партиямыз бұл мәселеге үлкен мән беріп отыр. Шәкірттердің мектеп қабырғасында жүріп, ұстаздан тәлім-тәрбие мен білім алғанына жетпейді ғой. Әттең, аты жаман мына індет осы бір керемет мүмкіндіктерден бізді алшақтатып отыр. Білім беру үрдісінде ең бірінші айтылатын мәселе – бала тәрбиесі. Бала үйде жүргенде еркелігін жасайды. Ойын баласына ойыннан басқа не керек? Ерке балаға қашықтықтан берілген білім жұға қоюы екіталай. Ұстаздың алдын көріп, партада отыру бір бөлек қой. Алдағы уақытта бәрі өз орнына келеді деген сенімдемін.
Махамбет Мұқажанов, №45 орта мектептің директоры: Соңғы айда індет кесірінен еліміз ардақты азаматтарынан айырылып қалғанын естіп-біліп жүрміз. Өте қиын! Карантин баланың емін-еркін білім алуына да кесірін тигізуде. Биыл біздің мектепке 1-сыныпқа 85 бала, 11-сыныпқа 70 шәкірт барады. Бір бала бір жаңа парақ сияқты. Оған қандай білім-ғылым, тәрбие берсеңіз, солай өседі. Енді қараңызшы, осыншама баланың қашықтықта оқуы өзімнің ойымша ата-анаға да, ұстазға да, шәкіртке де оңай тимесі анық. «Ары тарт та, бері тарттың» қызығын қыркүйекте көретін боламыз. Қашықтықтан оқыту – үлкен мәселе. Ол балалардың сақтығы үшін жасалып отыр. Тек, еліміз осы бір індеттен тезірек айықса екен.
Маншүк Шәйтиева, Жәпек батыр ауылы, көпбалалы ана: Мен ана ретінде баламның терең білім алуына қатты мән беремін. Жаңа оқу жылы қашықтықтан басталады дейді. Менің балаларым бастауыш сыныпта оқитындықтан, үйде оқыту қиынға соққалы тұр. Себебі, әрқайсына бір-бір смартфон керек. Оған біреудің шамасы жетсе, бірінің мүмкіндігі келе бермейді. Онлайн оқыту індеттің таралмауын, өршуінің алдын-алу сақтығы үшін жасалып отырғанын білеміз. Бәрі жақсы болса екен деп тілеймін. Бәріміз бірге аты жаман ауруды жеңеміз деп ойлаймын.
Елге келген індеттің салдарынан ауданымыздағы білім мекемелері өткен оқу жылының соңғы тоқсанын қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша аяқтаған болатын. Алдағы оқу жылында да алған аз ғана тәжірибиенің нәтижесіде жаңа оқу жылын қайта бастайды. Биыл ауданымыздың орта мектеп табалдырығын 56931 оқушы аттайды, оның ішінде кешкі мектепте -157 оқушы, жекеменшік мектептерде — 599 оқушы қашықтықтан оқитын болады.
Бағдат ЧОЙБАСОВ