Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратРухани ЖаңғыруРуханият

Ұлт мұратын көздеген…

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қазақстандықтардың менталитетінің сапалы тұрғыдан өзгеру стратегиясын ашып көрсетеді. Сондай-ақ бұл мақала 2017 жылдың 31 қаңтарынан бастау алған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы, сонымен қатар 2017 жылдың 10 наурызында жарияланған билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша конституциялық өзгертулер жобасымен бірге президенттік мәтіндердің үштігін құрап отыр. Елбасының бағдарламалық мақаласы жаңа саяси лексиканы қолданысқа енгізіп отыр. Мұнда жаңа түсініктер мен ұғымдық мәндер, сонымен қатар бұрындары қолданылған, бірақ жаңа үлгіде ұсынылып отырған ұғымдар пайдаланылған. Осы орайда Н. Назарбаевтың бағдарламалық мақаласын ілгерілетуде аталмыш мақаланың мәні мен мазмұнын жете және тереңінен түсіну үшін негізгі және тірек түсініктерді қарастырып өту керек.

Жаңғыру – «Модерн» сөзінен аударғанда заманауилықты, аграрлық қоғамнан индустриалды типке көшу үрдісін білдіреді. Модернизацияның теориялары аясында кеңінен қарастыратын болсақ, «модернизация» дәстүрлі қоғамның немесе өтпелі кезеңдегі қоғамның белгілі бір қабылданған оңды өзгерістер шкаласы бойынша анағұрлым озық елдердің деңгейін қуып жетуді білдіретін барлық дамушы әлеуметтік өзгерістердің синонимі ретінде түсініледі. XXI ғасырдың жағдайындағы модернизация көмір сутекті экономикадан сандық технологиялар, баламалық және жаңартылып отыратын энергия көздеріне негізделген жаңа технологиялық тәр­­­тіпке өтуді білдіреді. Жалпыөркениеттік және әлеуметтік-мәдени сипатты иеленетін модернизация қоғамның жалпы құрылымының, қоғамдық қатынастар жүйесінің түгелдей өзгеруін білдіреді.

Бағдарламалық мақаланың ұғымдық мәнін түсіну – ондағы идеялар мен ойларды тереңінен түсінуге мүмкіндік береді. Іс жүзінде, біз мақаладан заманауи әлеуметтік шынайылықты қалыптастыратын және толықтыра түсетін символдар мен мағыналардың шоғырлануын байқай аламыз. Мақала, бір жағынан, әлемдік философиялық, саясаттанулық, әлеуметтанулық ойдың эволюциясын көрсетсе, екінші жағынан, қалыптасқан ұғымдар мен жалпыға бірдей әлеуметтік концепцияларға жаңа дем береді. Бізге қағидалар мен жобалардың тереңінен ойластырылған тұғырнамасы ұсынылып отыр. Ал оның іске асырылуы қазақтар мен барлық қазақстандық қоғамның қоғамдық, дәлірек айтқанда, ұлттық және мәдени санасын жаңғыртудың қайтымсыз үрдістеріне жол ашады. Елбасының мәтінінде жаңғыруды теориялық ұғыну және оны практикалық түрде іске асырудың түрлі дереккөздері үйлесіп келеді: еуропалық-вестернизация жолы, түркілік, араб-исламдық, шығыс және оңтүстік-шығыс азиялық түрлері. Түрлі деңгейлері – жергілікті формасынан жаһандық сипатына дейін, күнделікті қарапайымнан философиялық-символикалық, абстрактілі және метафизикалық деңгейіне дейін, рационалдыдан иррационалдыға дейін, этностық дәрежеден космополиттік деңгейге дейін көрсетілген. Елбасының бағдарламалық мақаласы – бұл рухы жетілген ұлттың өз бірлігін одан сайын нығайтып, оны материалды деректі түрінде іске асыра алу мақсатында зерттеу және ұйымдастырушылық тәжірибелік жұмыстарды бірдей бастауға мүмкіндік беретін қуатты ресурс болып табылады.

Аталмыш бағдарламалық мақалада жаңғыртуды экономикалық өрлеуге немесе технологиялық жетілдіруге жинақтау – бұл жалпы өзгерістер жобасының бір бөлігі ғана екеніне көңіл бөле отырып, жаңғырту процестері шеңберінде еліміздің рухани қайта өрлеуінің тұжырымдамалық бейнесін жеткізеді. Мақалада Нұрсұлтан Әбішұлының қазақстандық қоғамның болашаққа қарай қалай қадам басуы туралы ойлары көрсетілген. Барлық технологиялық процестердің жеделдеуі мен әлем экономикаларының бәсекелік қабілеттерінің өсуіне орай құбылмалы әрі күрделі болашақ. Халықаралық қатынастардың қазіргі заманғы кезеңі мемлекеттердің өзара қарым-қатынастарындағы қарама-қайшы оқиғалармен сипатталады. Үдемелі қарқын алып отырған жаһандық әлем ұл санасының халықтың руханияты мен дәстүрлеріне негізделген айрықша үлгісін талап етеді. Бұл жағдайларда қоғамның рухани-құндылық бағдарларын сақтау және жаңарту мәселелері бірінші кезектегі маңызға ие болып отыр. Дүниедегі үрдістер әлемді өзгертуде, заман өзгеруде, бұл Қазақстанға дамудың мүлде жаңа деңгейіне шығуға айрықша мүмкіндік береді. Жаңару міндеті бүгінде Қазақстанның ғана емес, барлық мемлекеттердің алдында тұрғанын атап өтеді Нұрсұлтан Назарбаев. Елдегі басталған ауқымды өзгерістер қоғамдық сананы оза жаңғыртумен сүйемелденуі тиіс. Бұл ретте, ол бүгінгі таңда орасан жұмыс атқарылғанын және Қазақстанның қалыптасқан мемлекет екенін атап өтеді. Бірақ мықты әрі жауапты адамдардың Біртұтас Ұлтына айналу үшін қоғамдық сананы өзгертуге мүмкіндік беретін неғұрлым ауқымды және іргелі жұмысқа кірісетін уақыт жетті. Және де мақаланың негізгі түйіні Қазақстанда ауқымды өзгерістердің қоғамдық сананы өзгертусіз, немесе жаңғыртусыз мүмкін еместігінде. Еліміздің Тұңғыш Президенті ұлттың табысқа жетуіне тек эволюциялық дамудың ғана мүмкіндік беретініне сенімді.

Барша ХХ ғасыр революциялық сілкіністер белгісімен өтті. Бүгінде революциялардың сипаты өзгерген, ол айқын ұлттық, діни, мәдени немесе сепаративтік реңге ие болған. Сондықтан әлемде болып жатқандарды қайта ой елегінен өткізу – жалпы қоғам да, саяси партиялар мен қозғалыстар да және білім беру жүйесі де жүргізуге тиіс орасан дүниетанымдық, идеологиялық жұмыстың бір бөлігі. Сондай-ақ Н. Назарбаев тым болмағанда үш негізгі аспектімен баяндалатын сананың ашықтығы туралы айтады. Бұл дүйім дүниеде, өз еліңнің айнала- сында және ғаламшардың өзіңе қатысты аумағында не болып жатқанын түсіну. Және ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістерге дайын болу, ол өміріміздің орасан бөлігін – жұмысты, тұрмысты, демалысты, тұрғын үйді, адами қарым-қатынас тәсілдерін өзгертеді.

Біз, мектеп ұстаздары, Елбасының бағдарламалық мақаласын іске асыру жолында шәкірттердің санасын жаңғыртып, мемлекеттік тілге деген құрметін арттырып, ел зиялыларынан мұра боп қалған даналық сөздерін түсіндіруден бастаймыз. Себебі, баба мұрасын, өткен тарихын құрметтемейтін, өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің тілін түсінбейтін жас ұрпақ – өз елінің патриоты бола алмасы хақ. Сондықтан елжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін Қазақстанның тарихы мен қазақ әдебиетін, еліміздің көрікті өлкелерін танытудан, тарихи мол мұрамызды дәріптеуді үйрету – біз үшін аса маңызды.

Елбасымыз «Қазақстанның болашағы – қазақ жастарының қолында» деген еді бір сөзінде. Ел болашағының патриот болып өсіп-өркендеуі үшін жасалған Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев бұл мақаласында адамның құндылығы, рухани байлығы, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға мән бермесек, мұнымыз үлкен қателік болатынын айтып отыр. Бұрын анда-санда айтылып қалатын пікірлер бұл жолы үлкен бір бағдарламаға айналған. Елбасының руханиятқа, білімге, ғылымға мән беруі – үлкен көрегендік. Бұл жұмыс дер кезінде жасалып жатыр, енді оны халыққа жеткізе білу керек. Бұл – еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан жұмыс.

Болашақта Қазақстанның бет-пердесін не анықтайды? Еліміздің болшақтағы келбетін анықтайтын – бәсекеге қабілет­тілік. Бәсекеге қабілеттілік саясатта, экономикада, руханиятта, яғни барлық салада болуы керек. Бәсеке болмаған жерде іріп-шіріп, тозып кетеміз. Бәсеке болған жерде жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, санамызды жөндейміз. Бәрі санадан басталады. Сол үшін сана түзелуі керек. Сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиіспіз. Абай атамыз баяғыда «Адам бол» деп айтып кеткен. Бұл – қазақ­тың ұраны іспетті сөз. Елбасымыздың осы жұмысында Абайдың ұранының көрінісі бар. Бұл жұмыстың арқауы өте тереңде жатыр.

«Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» дейді. Білімі мықты болуы үшін еліміздің білім беру саласын реформалаймыз деп жатыр. Бәсекеге қабілеттілікті дамытуымыз керек. Білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек. Ата-бабаларымыздың баяғы­дан келе жатқан үлкен құндылықтар жүйесі жастарымыз­дың да санасына еніп, олар әр нәрсеге сын көзбен қарап, жақсы үрдістеріміздің бәрін бойына сіңіріп өссе, нұр үстіне нұр.

Елбасы тәрбие, білім беру саласына үлкен мән беріп отыр. Әсіресе, үштілділік мәселесі басты назарда. Ағылшын тілі – әлемдік тіл. Бүкіләлемдік тіл болғаннан кейін біз одан сырт қала алмаймыз. Дегенмен қазақ тіліне басымдық беруге тиіспіз. Біздің мақсатымыз – әлемдік өркениетке еніп, дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған білім, ғылым арқылы ғана жетеміз.

 

Қадырбаева Алма,

№7 орта мектептің қазақ тілі мен

әдебиеті пәнінің мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button