Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамЭнергетический ауылдық округі

ТАУ ТҰЛҒАЛАР ТӨРІМІЗДЕ

Өтеген батыр кентінде қазақтың қос бірдей данагөйлеріне арналған мурал салынды. З.Батталханов көшесінің бойындағы №10 үйдің қасбетіне қазақтың ұлы ақыны, компазитор, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың алып суреті салынды. Муралға данагөйдің «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» — деген адамды әрбір басқан қадамына сақ болуға, ақылға шақырған асыл сөзі жазылған.

Ал, екінші мурал Абай көшесі №23 мекен жайы бойынша орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың суреті бейнеленген. Мурал ағартушының «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» деген терең тәрбиелік мазмұнға ие даналық сөзіне негізделіп салынған.

Жалпы стрит-арт өнері Алматы шаһарының өзіне де келгеніне көп бола қойған жоқ.  Соның өзінде де қала тұрғындарының көңілін жаулап алды. Әсіресе тарихи оқиғалар мен тұлғалардың суреті көпқабатты үйлердің қасбетіне салынғанда адамға түрлі ой салары анық. Міне сол стрит-арт өнері біздің де ауданымыздың төрінен орын алды. Оның авторы «Эталон» тобы болып танылады. Жігіттер арнайы Алматы шаһарынан шақыртылған. Олар «әлемді қызылды-жасылды бояулармен ғана құтқарамыз» деп отыр. Ендеше аудан орталығында жарқырап тұрған тұлғаларымыздың саналы сөзі санамызды сергітіп, ертеңімізге үлкен үміт сыйлайтынына сеніміміз мол.

Б. ТОҚАНҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button