САУАБЫ МОЛ ИГІЛІКТІ ШАРА
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», — деген қазақтың ұлы ақыны Абай айтқандай, әлсізге сүйеніш болу, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандарға жәрдем беру, жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді сіңіру – бәріміздің адамгершілік парызымыз.
«Бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы». Бүгінгі таңда әрбір бала өзіне қажетті білім алуға құқылы. Балаларды лайықты білім алуына материалдық қажеттіліктердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында республикамызда «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы 1 шілде мен 30 қыркүйек аралығында ұйымдастырылды.
Елге келген індет салдарынан туындаған қашықтықтан оқыту жағдайында да бұл акция өз деңгейінде өткізіліп, шараға №34 орта мектеп ұжымы бір кісідей ат салысып, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім оқушыларға көмек көрсетті.
Акцияны мектеп директоры Абдуллаева Балия Жәкенқызы бастады. Ол көпбалалы отбасынан шыққан 3 оқушыға спорттық форма және аяқ киім алып беріп, аз қамтылған отбасынан шыққан 3 оқушыны қажетті оқу құралдары және мектеп сөмкесімен қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, мектебіміздің әкімшілігі мен мұғалімдері көмекті қажет ететін 7 оқушыға оқу құралдарын, мектеп сөмкесін тапсырса, бастауыш сынып мұғалімі Мұсаева Гүлжайна көпбалалы отбасынан шыққан 6 оқушыны қажетті кеңсе тауарларымен қамтамасыз етті.
Аудандық тұтынушылардың құқық-тарын қорғау басқармасының басшысы Смағұлов Әмірхан Базарханұлы көпбалалы отбасынан шыққан оқушы Жұбаныш Данаға 35000 теңге көлемінде мектепке қажетті киім-кешек және оқу құралдарын алып берді. 29219 әскери бөлімі Жетіген филиалының бастығы, капитан Нұртаев Әлішер Әбекенұлы жетім оқушы Жолтай Тайжанды 40000 теңге көлемінде спорттық киім, спорттық аяқ киім, мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етті. Жетіген ауылындағы ЖШС РСУ-1 басшысы Д. Төкенұлы 30000 теңге көлемінде көпбалалы отбасынан шыққан 7 оқушыға, жергілікті «Ай-Асыл», «Маржан бала», «Әділет», «Алма» дүкендері 12 оқушыға мектепке қажетті құралдармен көмектесті. 78639 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жөніндегі орынбасары Талғат Жүнісұлы Зейнелов, аға мамандар Д. Кенебаева, М. Тлеубердинова жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан 12 оқушыға 80 мың көлемінде киім-кешек, оқу құралдарын, мектеп сөмкесін алып берді.
«Мектепке жол акциясына» белсенді қатысып, өз көмек қолдарын созған әрбір азаматқа алғыс айтамыз.
«№34 орта мектеп» МКМ
мектеп әкімшілігі.