Алматы облысында COVID-19 өсуқарқыны 0,2% құрады
Алматы облысы COVID-19 вирусының ықтимал екінші толқынына дайындықты күшейтті. Өңірде соңғы аптада вирустың өсу қарқыны 0,2% құрады. Бұл туралы «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңында облыстың бас дәрігері Өмірзақ Ниязбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда стационарлық емдеуде барлығы 149 адам бар, оның ішінде 33 адам инфекциялық стационардың 1 деңгейінде, 109 адам инфекциялық стационардың 2 деңгейінде ем қабылдап жатыр.
«Облыс бойынша коронавирустың өсу қарқыны тәулігіне де, соңғы аптада да 0,2% құрады. Жалпы COVID-19 вирусын жұқтырған 5204 науқас тіркелді, оның 4872 — і сауығып шықты, 81 -і емделуде»,– деді ол.
Пандемияның ықтимал екінші толқынына 5280 төсек-орын дайындалды. Індетке қарсы тұру мақсатында облыс орталығында 200 төсек орындық модульдік инфекциялық аурухана пайдалануға берілді. Одан бөлек Талдықорған және Алматы қалаларындағы көпсалалы ауруханалардың базасында ауыр науқастарға шұғыл көмек көрсету үшін заманауи жабдықтармен жабдықталған орталықтар құрылды. Сондай–ақ, балалар жұқпалы аурулар ауруханаларының базасында балаларға арналған екі COVID-орталығы қосымша жарақтандырылуда.
Облыстың 13 ауруханасы оттегі станцияларымен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 12 оттегі станциясы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Сарқан аудандық ауруханасы станцияға қосылады. Бұдан басқа, 1070 оттегі концентраторы сатып алынды, дайындалған 5280 төсектің 40% оттегімен қамтамасыз етілетін болады.